«Халық» қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға тұрақты түрде қолдау көрсетуде

Dalanews 25 июл. 2023 04:31 1101

«Халық» қайырымдылық қоры Алматы облысындағы 500 отбасыға азық-түлік себетін таратты. Қайырымдылық акциясы аясында Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Талғар аудандарында тұратын тұрмысы төмен, көпбалалы және мүгедектігі бар бала өсіріп отырған отбасыларға азық-түлік үлестірілді. 

«Халық» қорының басқарушы  директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, бұл шара 2020 жылдан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді.

– Біз өз бағдарламаларымыздың шеңберінде қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жиі азық-түлік себеттерімен қолдау көрсетеміз. Бұл бір реттік шара емес. Пандемия кезінен басталып, жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.



Қор 2020-2021 жылдың өзінде 2,5 миллиард теңгеден астам қаржыға 100 мыңнан астам азық-түлік жиынтығын таратты. Биыл бұл акцияның аясын кеңейтуді көздеп отырмыз.


Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда өсіп жатқан  500 баланы мектепте дайындауды жоспарладық. Оқушылар мектеп формасы және оқуға қажет құралдармен қамтылады, – деді Нариман Әбілшайықов.

Қордың қолдауына ие болғандардың бірі – Қарасай ауданы Бірлік ауылының тұрғыны Дильфуза Тәліпбаева. Ауыл шетінде үй жалдап тұратын Дильфузаның 5 баласы бар. Отбасының тұрақты табысы жоқ.



Тұрмыстың тауқыметінен қажыған келіншек көмек қолын созған қайырымдылық қорына айрықша ризашылығын білдірді.

– Бұл азық-түлік 3-4 айға жетеді. Макарон, қант, ұн, шай – біздің күнделікті қажеттілігіміз. Біздің қазіргі жағдайымызда азық-түлік алу үлкен көмек. Осындай қолдау көрсеткен «Халық» қайырымдылық қорына алғысымыз шексіз! – деді көп балалы ана.   


Көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді мақсат еткен Қор жыл аяғына дейін дәл осындай акцияны тағы 2 мәрте ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

–  «Халық» қайырымдылық қоры тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік жиынтығын кезең-кезеңімен ұсынып келеді. Бұл – қайырымдылық шарасының маңызы зор. Әлеуметтік маңызы азық-түлікті жинақтап, ұсыну арқылы отбасылардың мұқтаждығын аз да болса қанағаттандыру – халықтың бірлігі пен сенімін арттыруға қадам болады деп білемін. Біз тек бірігу арқылы жаңа қоғамның гүлденуіне қол жеткіземіз! – дейді қордың Алматы облысы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Әрине бұл қайырымдылық қоры жобаларының бір тармағы ғана. 2016 жылы құрылған «Халық» қайырымдылық қоры еліміздегі маңызды салалар – әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және білім салаларында ауқымды жобалар іске асыруда. Жалпы алғанда, 2016 жылдан бері 45 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді.



Рекомендовать
Последние новости