Бүгін, 2025 жылы 17 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялады. Осы мақсатта өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов валюта нарығындағы ахуалға қатысты Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізу туралы ұсынысқа қатысты түсініктеме берді, деп жазады Dalanews.kz.
"Менің ойымша, бұл мәселе бар маңыздылығы тұрғысында президент, әсіресе Қауіпсіздік кеңесі сияқты алаңда қарастыратындай деңгейде емес. Қауіпсіздік кеңесінің қандай мәселелерді қарайтынын анықтайтын өз жарғысы, ережесі бар. Менің ойымша, өз күрделілігі мен дүдамалдығына қарамастан аталған жағдай мұндай деңгейде емес", – деді Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингіде.
Алайда, оның айтуынша, ақша бағамы мәселесін экономикалық саясат мәселесінен бөлек қарастыруға болмайды.
"Ақша бағамы - экономиканың саулығын, жалпы мемлекеттік қаржы жағдайын көрсететін "температура". Бұл - тек оның бір көрінісі. Фундаментальды себептерді қарастырмай, яғни неге бізде төлем балансы теріс шығып отыр, неге доллар бойынша ұсыныс әрдайым жеткіліксіз, неге бізде импортқа сұраныс жоғары дегендей. Міне, осы сұрақтарға жауап беру керек. Сондықтан экономикалық саясат мәселелерін қарастыруды былай ысырып қойып, жеке-дара ақша бағамы саясаты мәселелерін қарастыру нәтиже бермейді", - деп атап өтті Сүлейменов.
Бұған дейін қаржыгер-маман Расул Рысмамбетов Ұлттық банкке "барлық жұмысты» жектеп қоймай, стратегиялық шешімдер қабылдау үшін Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізу қажет деп пікір білдірген еді.
Айта кетсек, бүгін базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейінде қалдырған Ұлттық банк: "Айырбастау бағамының әлсіреуі, инфляциялық күтулердің жеделдеуі, сондай-ақ инфляцияның нақты динамикасының өсуі аясында жиынтық ақша-кредит шарттары біршама жеңілдеді. Осыған байланысты негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы жаңартылатын келесі шешімде Комитет инфляцияны 5%-дық таргетке қарай орнықты түрде төмендеу траекториясына қайтару үшін ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажеттілігін анықтайды" деген еді. Демек, Ұлттық банк 2025 жылғы 7 наурыздағы кезекті отырысында базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін.