Үйдене өзеніне орнатылған су тартқыш Зайсан ауданындағы 10 гектар жерді суаруға мүмкіндік береді

Dalanews 09 дек. 2021 13:48 1498

Шығыс Қазақстан облысындағы Үйдене өзенінің бойындағы су тартқышы пайдалануға берілді. Жаңа нысан Зайсан ауданындағы 10 мыңнан астам гектар жерді суаруға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының директоры Рахымжан Нығметжанов айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үстіміздегі жылдың қараша айында Үйдене бас су тартқышы қайта жаңғырту жүргізіліп, пайдалануға берілді. Нысанның қайта жаңғырту жұмыстары 241 бюджеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқанын айта кетуіміз керек. Үйдене өзені Сауыр жотасынан 2600 метр биіктіктегі солтүстік сілемдерінен бастау алады. Аталған өзен қар мен мұздықтардың суымен толығады.

Енсіз жартасты каньонның арасында орналасқан бөгет қақпасының төменгі жағының ені 50-60 метр, ал төбесінің ені 110 метрге дейін жетеді. Бөгеттің жалпы ұзындығы 60,7 метр, құрылыстың максималды биіктігі 2,6 метрді құрайды.

– Үйдене гидроторабының конструкциясы суқашыртқы бетон бөгеттен, оң және сол жағалау реттегіштерден және суұрма қабырғадан тұрады. Гидротораптың ірге тасы «Ленгипроводхоздың» жобасы бойынша 1964 жылы қаланған. Қайта жаңғырту кезінде гидротораптың бас құрылысы, Р3 магистральды каналы және сол жағалау магистральды каналы толығымен жөнделді. Олар арқылы Зайсан ауданының 10252 гектар жерін суаруға мүмкіндік бар, – дейді «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының директоры Рахымжан Нығметжанов.


Директордың сөзінше, пайдалануға берілген нысан аудандағы суармалы алқаптарға судың үздіксіз келуін, сәйкесінше, суармалы жерлер көлемінің ұлғаюына мүмкіндік береді.

Жоба ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мал азығы мен дән-дақылдардың өнім қорын молынан жинауға септесетін болады. Бұдан бөлек 2022 жылдың вегетация кезеңінде қосымша тоғыз жұмыс орны ашылуы мүмкін. Жалпы, бұл жоба өңірдегі су тапшылығы мәселесін толықтай шешпек.

Рекомендовать
Последние новости