Үшқоңырда ТМД елдерінде жоқ спорт мектебі ашылды

Dalanews 23 июн. 2019 02:38 1648

Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында «Үшқоңыр» атты балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қолданысқа  берілді. Ауыл жастарына арналған алып нысанды ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі арнайы келіп көріп, бой көтерген нысанның маңызын атап өтті.

– Біз бүгін аудандағы бірегей спорт кешенін аштық. Дені саудың – жаны сау. Қазіргі заманда дені сау адам ғана табысқа жетеді. Сондықтан, біз бұл нысанды жастарымыз үшін арнайы салдық, жастарымыз шыңдалып, салауатты ұрпағымыз көп болуына, жаңа чемпиондар тəрбиелеп шығаруға осы кешеннің қосар үлесі зор болады деп ойлаймын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Шамалған – буырқанып тұрған жас буынды нақ шынықтырар, ширатар, шымырландырар жер. Тау баурайы, таза ауа. Болашақ олимпиада жеңімпаздарын дайындауға қолайлы. Үшқоңырдың етегінен алып спорт кешенін салудағы мақсат та осы.

Спорт кешені заман талабына сай, теңдессіз етіп салынған. Нысанның орналасқан жері – 6 гектарға жуық. 6 үлкен спорт зал, ат шаптырым 1 стадион бар. Спорттың 16 түрі бойынша 1800 спортшы дайындауға қауқарлы. Оның 10-ы  олимпиадалық спорт түрлері. Атап өтерлігі, ғажайып нысан Елбасының қолдауы арқасында салынды.

Кешен келісті. Халықаралық стандарттарға сай. Ерекше бір бөлігі – бассейн. Ұзындығы  – 25, ені – 11 метр. Көрермендік 160 орын бар. Балалар мен ересектердің бассейндері бөлек. Жүзуге мүмкіндік алған ауыл балалары мәз майрам...

Әмбебап зал. 1644 шаршы метрлік. Волейбол, баскетбол, гандбол мен шағын футболға арналған. 300 орындық. Елбасы келгенде «Жетісу» – «Алматы» волейбол командалары арасында жолдастық кездесу өтіп жатты.

Спорт залдары талапқа сай. Заманауи, сапалы қондырғыларымен толықтай жабдықталған.  Жастарды спортқа баулитын 45 жаттықтырушы жұмысқа  қабылданған.

– Бұл кешеннің ерекшелігін атап өтер болсақ ТМД елдерінде бұндай кешен жоқ. 16 спорт түрінен жаттықтырылады. Осындай дәрежелі спорт кешенде әлем және олимпиада чемпиондары шығатынына сенімім мол, – деді Дәурен Төлеген «Үшқоңыр» спорт кешенінің директоры.

Айта кету керек, жалпы, Алматы облысында спортқа қолдау зор. Бүгінге аймақта 7 спорттық-сауықтыру кешені бар. Жыл соңына дейін тағы да 3-і іске қосылмақ.


Рекомендовать
Последние новости