Үш адамның өмірін жалмаған автобус апаты: жәбірленуші тарап 40 млн теңге талап етуде

Сағыныш Сардарова 18 апр. 2024 10:57 4133

22 желтоқсанда Алматыдағы Қалқаман аялдамасында автобус жаяу жүргіншілерді қағып кетіп, 3 адам қайтыс болды. Қазір осы оқиғаға қатысты сот отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Кезекті тыңдалымда бірінші сөз жәбірленуші тараптың қорғаушысына берілген. Заңгер бұл жолы жантүршігерлік көлік апатында көз жұмған азаматтардың жақындарының талаптарын жіпке тізіп шықты.

"Алматы" телеарнасы мәліметінше, судья жауапты компания "ДуманТранстың", көлік жүргізушісі Ермек Шөкебаеваның және сотталушы Дархан Ахметжановтың Азаматтық кодекстің "бірлесіп келтірілген зиян" бабы бойынша 40 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуге міндеттелуін сұрап отыр.

Almaty.tv

"Автобус жүргізушісі Шөкебаеваға қатысты қылмыстық іс қысқарылғанымен, азаматтық талап бойынша біз сол автобустың иесі "ДуманТрансқа" және соның жүргізушісі Шөкебаеваға моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арыз бере аламыз", - дейді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Айтынғали Табылдин. 

Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан оқиғаға қатысты кезекті сот отырысында автобус ішінде болған куәгерлер де сөйледі. Анасының рұқсатын алған соң сот залына кәмелетке толмаған жасөспірім шақырылып, көлік жүргізушісі мен сотталушының арасында болған жанжалдың мән-жайын түсіндірді. Сондай-ақ, куәгер Ермек Шөкебаеваның толық есінен танып қалғанын жоққа шығарды. Оның айтуынша, жүргізуші абыр-сабыр басталғанда оған "тежегішті бас" деген екен. 

"Бұл кісі ортаңғы есіктен түсіп кетпекші болды. Ал жүргізуші алдыңғы есіктен шығып, чек көрсетуін талап етті.  Бұл кісі чекті көрсете алмады. Көп нәрсе айтылды негізі, "осы жерден түсіріп кет, болмаса, мен сені үйтемін-бүйтемін" дегендей. Жүргізуші "қолыңнан келсе істеп көр" деп қарсы сөз айтты", - дейді куәгер. 

Еске салайық, 2023 жылғы желтоқсанда Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кеткен еді. Салдарынан 3 адам мерт болды.

Кейін қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Бұл дерек негізінде ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша соталды тергеу де басталды.

Ал автобус жүргізушісі кешірім сұрады.

"Мен осы қайғылы жағдайға байланысты қаза тапқан марқұмдардың туыстарына көңіл айтамын. Менің тарапымнан ешқандай әдейі осылай істейін деген ниет болған жоқ. Мұндайды жауыма да тілемеспін. Өзімді кінәлі санамаймын. Жолаушы есімнен танып қалғанша ұрды.

Ауруханада жатқанымда тергеуші келді. Біреуі ер, екіншісі әйел. Сіз зардап шегушісіз. Кінәңіз жоқ деп айтқан. Енді жазылып шыққанда ауыр бап бойынша айыптап жатқанын білдім. Өзім арендаға үй жалдап тұрамын. Екі балам бар. Солар үшін еңбек етіп келемін. Менің жұмысыма ешкім шағымданбаған. Маған осындай қылмыстық кодекс бойынша не үшін ауыр айып тағып жатқанын түсінбеймін. Егер соққы алмағанымда, мұндай жол апатына жол бермес едім. Әділдік болады деп үміттенемін", – дейді Ермек Шөкебаева.

Сонымен қатар, Алматыдағы автобус апатынан қаза тапқандардың жақындары бұған дейін де өтемақы талап етті.

Автобус апатынан қаза тапқан ерлі-зайыпты Талап Қосымов пен Гүлжахан Жетпісбаеваның туысы Сүйінбай Оңалбекұлы парк өкілдерінің бір аптадан кейін ғана көңіл айтқанын жеткізді. Олардың айтуынша, тіпті сол кезде де көмек көрсету туралы жақ ашпаған. Ал бұл отбасының артында төрт баласы қалған. Тұрып жатқан баспаналары да несиеге алынған екен.

"Банктен 17 миллион, қалғанын өздері ауылдағы үйлері мен көліктерін сатып пәтер алды. Сол банктегі ақшасы жабылса, балаларына баспана қалар еді. Енді автобус паркі жағынан үміт күтіп отырмыз. Үмітімізді ақтайтын шығар деген ойдамыз", – деді Сүйінбай Оңалбекұлы.


Рекомендовать
Последние новости