Ұлттық қордағы ақшаны қайда жұмсауымыз керек?

Dalanews 04 янв. 2018 05:56 864

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері "қазақ журналистер экономика тақырыбын жаза алмайды" деген әңгімені талай рет естідім. О баста "осы тақырыпты жаза алмасақ, жаза алмайтын шығармыз" деп әлгі әңгімеге  сенуші едім. Соңғы кездері осыған қатысты күмән-күдігім қоюлана түсті. Өйткені, бізде заманның ағымы мен экономикалық заңдылыққа сүйеніп дамып жатқан жатқан экономика бар ма, өзі? Бір салда бар, бір салада жоқ болуы мүмкін. Мұндай жағдайда кейбірулердің "қазақ тілді журналистер экономика тақырыбында жаза алмайды" деген сөздің бос әңгіме екенін сезесің.

Күні кеше Ұлттық қордағы ақшамызды Американың "Нью-Йорк Мелон" банкі бұғаттап тастағында көкейімдегі күмән-күдігім қоюлана түскенін жасырып қайтейін. Біз осыған дейін не істедік?

Бәріміз білеміз. Екі жыл қатарынан жиған-тергенін шетелге тасыған олигархтарға Үкімет  "Ақшаларыңды елге әкеліп, заңдастарыңдар. Дағдарыс кезінде ел экономикасына сеп болсын" деп сауын айтты. Бұдан кейін биліктің сөзіне иланып, қанша олигархтың шетелдегі қаржысын елге әкелді. Бәрі Үкіметтің бастамасына қолдай кетті деп айту қиын.
Білетінім, әйтеуір тиісті орындар елге бірнеше миллиард теңгенің қайтқанын айтып,  бұл бастаманы да "ойдағыдай" іске асырғанын мәлімдеді. Атқарушы билік айтқан соң, сендік.

Осы қолға алынғанда оның негізі мақсаттарының бірі – миллиондаған қаржыны елге қайтарып, дағдарысты салқыны шарпыған экономикамызды сауықтыру болғанын талай шенеунік әңгімелеп айтты.

Демек, ғаламдық қаржы дағдарысы алқымнан алған тұста еліміз шетелдің инвестициясына, яғни, қаржысына мұқтаж болғанымыз анық. Экономиканы дамыту үшін әлі де болса инвестиция ауадай қажет.
Осындайда кез келген адам "Әркімге алақан жая бергенше, Ұлттық қордағы ақшаның игілігін неге көрмейміз" деп сұрамай ма? Әрине сұрайды. Ал осыған экономиканың жілігін шағып, майын ішкендер не деп жауап беруі мүмкін?

Қарапайым логика сүйенсек, елдің экономикасын дамыту үшін инвестиция (ақша) қажет. Экономикамызға инвестиция тарту үшін Инвестиция министрлігі құрылды. Тіпті, Сыртқы істер министрлігі мен облыс әкімдері де зор міндеттер жүктелгенін білеміз. Осылай алашапқын болып жатқанда Ұлттық қордағы миллиардтаған қаржымызды Американың бір банкі бұғаттап тастады.

Неге сол ақшаны экономикамызға инвестиция ретінде құймайдық? Бұл үшін керемет экономист болудың қажеті жоқ қой. Экономикамыз өркендегенде ол ақша еселеп қайтып, табыс әкелмей ме? Осы бір қарапайым жайттан-ақ Үкіметтің экономикалық саясатының олқы соғып тұрғанын байқауға болатындай... Экономикамыз жазық жерде сүрініп жатса, ол туралы не деп жазуға болады? Бұдан кейін "қазақ журналистерінің экономика тақырыбына тісі батпайды" деп қай ақылман әңгіме айтатын қақысы бар?

Тұтас бір мемлекеттік Ұлттық қорға жинаған қыруар ақшасын АҚШ-тың бір банкі бұғаттап қойды. Ал ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев 22 млрд. доллар ешкімнің қолында кетпейтінін айтып, өрекпіген көңілімізді басуға тырысуда. Ал енді осы іске қатысты қаржы-экономика тақырыбында мақала жазып көріңіз.

Нұрлан Жұмахан

Рекомендовать
Последние новости