Біздің қазақтар футболды емес, КСРО-ны сағынады

Dalanews 04 янв. 2018 08:06 1061

Біз түк те өзгермеппіз. Өзімізді өзгертуге аса құлықты да емес екенбіз.

Біреу келіп құлдық қамытты мойнымыздан алып тастайды. Біз қайтадан барып соған басымызды тыға береді екенбіз. Өйткені, мойнымыз қамытқа әбден үйренген.
Қоғамның басы табытқа жеткенше қалмайтын неткен берік қамыт бұл?

«Соқыр тауық көргенінен жазбайды» деген бар. Біздің де бар көргеніміз КСРО, көксегеніміз де КСРО. Басқаны кінәлап керегі жоқ. Бар пәле өзімізде. Дәлел іздеп алысқа барудың қажеті шамалы.

27 қазан күні Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында КСРО футбол құрамасының ардагерлері мен мұнайлы өңірдегі ардагер-футболшылардың жолдастық кездесуі өтті.

Бірінші таймда орыс ойыншылары бес доп салды. Атырау баспасөзі «кезінде әлемдік доп додасында Одақтың намысын қорғаған шеберлерге қарсы тұру атыраулық ардагер-футболшыларға оңайға түскен жоқ», деп жазды. Ақыры 6:2 есебімен КСРО-ның ардагер-футболшылары жеңіске жетті.

«КСРО-ның ардагер-футболшыларының құрамында қақпашы Ринат Дасаев, Олег Романцев, Игорь Беланов, Вагиз Хидиятуллин, Юрий Ковтун, Валерий Кечинов, Юрий Гаврилов, Валерий Шмаров сынды әлемге әйгілі шеберлер ойнады», деген ақпаратты оқып отырып ойға қаласыз. Қартайса да қатардан қалмайтын неткен мықтылар бұлар?
«Әлемге әйгілі» деп дабырайтатын біз ғана.

Кез келген шетелдіктен сұрап көріңізші, осы аталған футболшының біреуін де білмейді. 

Осы футбол ардагерлері деп әспеттеп отырған адамдар біресе Атырауда, біресе Алматыда, енді бірде Астанада жолдастық кездесулер өткізіп жатады. Не үшін? Қандай қаржыға?

«Сол кездегі футболды сағынғанымыз» үшін бе? Жоқ,
біздің қазақтар футболды емес, КСРО-ны сағынады.

Үйінде жатқан ресейлік зейнеткерлер ақшасын төлеп, астына тай, алдына май тосып, біреулер өбектеп жатса несі кетеді? Келеді. Ішеді. Жейді. Кетеді. Ал солардан не үйрендік? Қазақстан футболы КСРО деңгейіне қарап өсетін болса, жетіскен екенбіз. Неге әлемге әйгілі Пеле келіп, бізбен футбол ойнамайды? Өйткені, ол мұның ұят екенін біледі.

Тек футбол емес, қазіргі таңда Қазақстан арналарын да КСРО елесі кезіп жүр. ОРТ арнасы соның айқын дәлелі. Ресейдің «мерзімі өткен» жұлдыздары Қазақстан аспанын «жаулап алуға» асығады. Жайылып жастық, иіліп төсек болатын мұндай елді олар әлемнің басқа жерінен итпен іздесе де таба алар ма екен?

Болат пен балғадан жасалған КСРО көйлегі көнермейді екен. Ешбір ел ол көйлекті қайта кигісі келмейді. Сіресіп жүргісі келмейді. Тек біздің ел ғана өз еркімен КСРО көйлегін үстінен тастағысы келмейді.

«Еркімен» дегенді сәл артық айтқан сияқтымыз. Құлда ерік болмайды екен ғой!

 

Нұртөре Жүсіп

Фейсбуктегі парақшасынан



Рекомендовать
Последние новости