Ұлттық Банк басшысы Үкімет шешіміне қатысты: Инфляцияны емес, халықтың қамын ойлады

Кәмшат Тілеухан 11 июл. 2025 15:09

ҚР Ұлттық Банктың төрағасы Тимур Сүлейменов арнайы брифинг барысында кейбір коммунальдық тарифтерді өсіруді кейінге шегеру туралы Үкімет шешімін "дұрыс әрі орынды" деп бағалады. Оның айтуынша, бастапқыда тарифті көтеру жайлы шешім қабылданғанда, инфляциялық қысым дәл қазіргідей жоғары болмаған. Сол кезде салық реформасына қатысты да анықтық болмады, ал жаһандық сауда жүйелерінің түбегейлі өзгеріске ұшырайтынын ешкім болжай алған жоқ. Сондықтан тариф реформасы тым оптимистік жоспармен жасалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазір сол жоспарларды қайта қарап, қарқынды бәсеңдету – шын мәнінде ақылға қонымды қадам.

"Бүгінгі тарифтер тек тікелей инфляцияға әсер етіп қана қоймай, екінші деңгейлі толқынды да қозғайды. Яғни, жарық пен жылудың қымбаттағанда бизнес мұны тауарларға деген өзіндік құнына жүктейді, ол өз кезегінде тауарлар мен қызмет бағасын да көтере түседі. Сондықтан тарифті өсіру шарасын кейінге шегеру – ақылға қонымды шешім", – деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, реттелетін қызметтер өсімінің инфляциядағы үлесі Үкімет жоспарына сәйкес 1,32% деңгейінде болуы тиіс. Яғни, инфляцияның жалпы көрсеткішіндегі 1,32% табиғи монополия тарифтерінің үлесіне тиесілі. Енді олар бұл көлемді 0,8%-ға төмендету туралы шешім қабылдады, яғни жарты пайызға. Бұл - тікелей әсердің өзі ғана.

Сонымен қатар ол Қазақстанда реттелетін қызметтердің бағасы көбіне инфляция қарқынынан төмен болуға тиіс екенін еске салады.

"Егер керісінше болса, мұндай тарифтер тұрақты инфляциялық факторға айналып кетуі мүмкін. Ал үкіметтің соңғы шешімі, керісінше – дезинфляциялық қысым тудырады. Бұл – бағаның төмендеуіне жол ашатын белгі. Яғни, бұдан кейін бағалар төмендеуі керек", - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Сүлейменов инфляция бойынша болжамды қайта-қайта өзгертуге болмайтынын айтып, Ұлттық банк ұстанатын инфляциялық меженің – 5% екенін ескерткен.


Рекомендовать
Последние новости