Ұлт ұстазының мерейтойы жалғасуда

Dalanews 23 сент. 2022 05:26 985

Халқын ұлтсыздандыру нөпірінен аман алып шығу үшін күрескен  ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде басталып, өз елімізді жалғасуда. Атап айтсақ, Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай Алматы қаласындағы орыс тілінде оқытатын №160 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен оқушылары А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған әдеби кеш ұйымдастырды.

Мектептің шағын ғана мәжіліс залында әдеттегідей Егемен елдің әнұраны орындалып, мектеп директоры Аминова Гүлшат Базарбекқызы құттықтау сөзге шығып,  қазақ терминологиясының негізін қалаған алаш арысының ғибраты мол туындылары туралы баяндады.

Әдеби кештің қонақтары – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Дүйсенов Қуатбек Қоныспайұлы: «Ахмет Байтұрсынұлы бәрімізге үлгі. Себебі ол әмбебап адамның жарқын мысалы. Ол әрі ұстаз, әрі ғалым, әрі саясаткер, әрі қоғам қайраткері, әрі тұңғыш оқу ағарту министрі, әрі ақын, әрі жазуды. Ол кісінің тірлігі қиын замандарға мойымай күресуге үйретті. Ол кісінің атқарған істері өз заманы шеңберінен де кең ойлауға шақырды» – деп ой түйіндеді.

Ал, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша кәсіби даму институтының өкілі Асылбек Перуза Өзенбекқызы: «Адамға азық қаншалықты қажет болса, ұлт үшін тілді сақтау соншалықты қажет...» – деп ана тілінің маңыздылығын өмірмен теңестірген Ахмет Байтұрсыновтың  қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, грамматикалық құрылымын, қазақ әліпбиі мен емлесін ғылыми дәйекпен ретке келтіріп, қазақ тілінің лексикалық қоры мен синтаксистік құрылымын өзге тілдердің ықпалынан тазартуға күш салған қастерлі еңбегін бағалау мен зерделеу, ұрметтеу бүгінгі ұрпағының бұлжымас парызы болып қала беретіндігін атап өтті.


Кеш жүргізушілері айтқандай, «Тіл – татулығымыздың тірегі болсын. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында тұрып, қазақ тілін үйренуге талпынса, бір ұлт, бір ел деген қағида жүзеге асады». Соның бір дәлелі ретінде бүгінгі мерекелік жиында түрлі ұлт өкілдері қазақ тілінде өз өнерлерін ортаға салды.

Кеш жүргізген мектеп оқушылары: М.Кленова, қытайлық А. Яннің  қазақ тілінде таза сөйлегені қонақтарды қызықтырды.

Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынов туралы «Ұлы ұстаз» фильмінен үзінді көрсетіліп, өмірбаяны туралы таныстырылым жасалды. 5-сынып оқушысы Асида Касимова «Қазақ елі осындай» әнін орындаса, 3-сынып оқушылары Ернұр мен Бернар Рахимовтар домбырада күй шертті. Мектептің шығармашыл, өнерпаз оқушыларынан құралған би ансамблі түрлі этностардың халық билерін биледі. Ал бастауыш сыныптың үш оқушысы «Аққу, шортан және шаян» ертегісі бойынша шағын қойылым көрсетті. Мерекелік кеште – мектептің жасөспірім өнерпазы – Мирастың орындауындағы ән көпшіліктің жүрегін баурап алды.

Өрлеу-Алматы

Рекомендовать
Последние новости