Ұлт жоспары талқыланды

Dalanews 30 мая 2015 05:02 849

 Аптаның сәрсенбісінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Н. Ә. Назарбаевтың 100 нақты қадамы – ұлтымыз болашағының даңғыл жолы» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Шараға ҚазҰПУ-дың ұстаз-ғалымдары мен Алматы қаласындағы сала мамандары қатысып, «Ұлт жоспарының» маңызы мен мәніне тоқталды.

Басқосуды Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰПУ саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Раушанбек Әбсаттаров жүргізіп, баяндамашыларға тақырыптары бойынша арнайы сөз беріп отырды, өзі де баяндама жасады.  Дөңгелек үстел әртүрлі салалар бойынша ғылыми тұжырымдар негізінде өтті. Саяси, әлеуметтік, философиялық және ағартушылық аспектілер негізінде талданып, мамандардың өзара пікірлесуіне мүмкіндік жасалды.

ҚазҰПУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы,  профессор Ақтолқын Құлсариева дөңгелек үстелді ашып, кіріспе сөз сөйледі. Ол кісі Елбасы бекітіп берген «100 нақты қадам» елдің даму жолын белгілейтін және кемелді болашаққа бастайтын ұйтқы күш екенін, ауқымды жоспарды жан-жақтылы талқылаудың маңыздылығы жөнінде ой білдірді.

Шарада негізгі баяндаманы әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Қалдыбаева жасады. «Қазақстан қоғамын түбегейлі өзгерту – қоғамдық сананың түбегейлі өзгеруі» атты баяндамасында профессор жаһандану үрдісіндегі еліміз бет келген түрлі мәселелердің шешімін табу үшін қоғамдық сананы жаңарту қажеттігін нақтылай түсті. Профессордың пікірінше, елдің дамуына тікелей әсер ететін күш – қоғамдық сана. Бұл ауқымды әрі нақты жоспардың  маңыздылығын барша қазақстандықтар жете түсінуі керек. Әрқандай жоспардың атқарылуы, іске асуы үшін тек билік тарапы емес, қарапайым халық, түрлі деңгейдегі әлеуметтік топтар, мемлекеттік мекемелер мұндағы атап көрсетілген жоспарды өздерінің жұмысымен байланыстыра білгендері жөн.

Дөңгелек үстелде Сабикенов С. Н. – ҚР ҰА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор;  Иманбердиев Б.Д. – экономика ғылымдарының докторы, профессор; Дүйсенов Э.Э. – заң ғылымдарының докторы, профессор; Нұрмұратов С. Е –  философия ғылымдарының докторы,  профессор; Сатершинов Б. М. – философия ғылымдарының докторы,  профессор; Мұсатаев С. Ш. – саяси ғылымдарының докторы,  профессор; Сейсен Н. Б. – саяси ғылымдарының кандидаты,  Артемьев А. И. – философия ғылымдарының докторы,  профессор, Жұмағұлов Б.С. – тарих ғылымдарының кандидаты, профессор және т.б. ғалымдар сөз сөйлеп, ой қосты. Әрқайсысы өз пікірлерін айтып, өздерінің практикалық ұсыныстарын айтты.

Мәселен, философия ғылымдарының докторы, профессор Артур Артемьев «Қазақстан – 2050» бағдарламасын жүзеге асыру үшін кезеңдік мәні зор бұл жолғы «Ұлт жоспарының» әлеуметтік-гуманитарлық саладағы алар орны жөнінде ой толғады. Әлеуметтік салаға баса көңіл бөліп, халықтың жағдайының жақсаруына ықпал еткенде ғана елімізде тыныштық, береке болады. Елбасының үнемі бірінші кезекке қоятыны – елдің әлеуметтік жағдайы. Ғалым бұл пікірлерін жүйелі әрі нақты дәйектермен келтірді. Ал профессор Жұлдыз Қабаева «Мәңгілік ел» ұғымының ұлттық идеядағы философиялық ұстынын, саяси ғылымдарының докторы Жұмарт Симтиков  саяси реформаларға арқау болатын негізгі бағыттарды, оған 100 қадамның қалай ықпал ететіндігін, саяси ғылымдардың кандидаты, доцент Найля Сейсен оқу мәселесіндегі жаңғыртулардың кейбір өзекті түйіндерін, доцент Ляззат Жазылбек индустрияландыру мен экономикалық өсім реформасына қатысты ұлт жоспарының тигізер ықпалын, саяси ғылымдарының кандидаты Тимур Дауылбек Қазақстандағы толеранттылық негізін қарастырып, дөңгелек үстелдің маңыздылығын арттыра түсті.

Барлық сөйлеген ғалымдар өте жақсы, батыл пікірлер айтып және өмірімізде 100 қадам жоспарын  қалай  іске асыру керектігін айтты.

Рекомендовать
Последние новости