Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі $58 млрд-тан асты, деп хабарлайды Dala News.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында Премьер-министр Олжас Бектенов инвестициялық саясаттың негізгі нәтижелерін баяндады. Оның айтуынша, соңғы 9 айда тікелей шетелдік инвестициялар $1,5 млрд-қа немесе 10,9% өсіп, $14,9 млрд-ты құраған.
«Портфельдік инвестициялар мен несиелік қаражаттарды есепке алғанда, экономикаға тартылған шетелдік инвестициялардың көлемі $58 млрд-тан асты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13%-ға артып, 22,7 трлн теңгені құрады», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет дерегінше, оның ішінде мемлекеттік инвестициялар 800 млрд теңгеге ұлғайып, 5 трлн теңгеге жетсе, жекеменшік инвестициялар 2,4 трлн теңгеге өсіп, 17,7 трлн теңгені құраған.
Инвесторлармен жұмысты жеделдету үшін Инвестициялық штабтың рөлі күшейтілген. 2025 жылы жалпы құны $115 млрд болатын 212 жоба бойынша проблемалық мәселелер шешілген.
Бектенов Президент тапсырмасына сәйкес инвесторларды тарту тетіктері жаңартылып жатқанын атап өтті. Жобалар енді бастапқы кезеңнен бастап іске қосылғанға дейін «жасыл дәліз» қағидаты бойынша сүйемелденеді.
Атап айтқанда:
- инвестициялық омбудсмен функциялары Бас прокурорға жүктелді;
- «Бәйтерек» холдингі инвесторларды проактивті түрде іздеуге кірісті;
- Kazakh Invest компаниясының өкілдіктері инвестициялық әлеуеті жоғары елдерде ашылады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен құрылатын "Алатау Сити" жаңа инвестициялық орталық ретінде қарастырылып отыр. Конституциялық заң жобасында қалаға ерекше құқықтық режим енгізу көзделген.
