Үкімет банк секторына ықпал ете алмай отыр ма? Сарапшы пікірі

Сағыныш Сардарова 25 июн. 2025 10:02

Тәуел­сіз сарапшы, экономист Бауыр­жан Ысқақов Үкімет банк секторына неліктен ықпал ете алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Біздегі Үкіметтің банк секторына ықпал ете алмай отырғанының басты себебі нарықтық экономика қатынасында болғандықтан, Ұлттық банктен басқа барлық банктің акционерлік, коммерциялық құрылымдар болуында. Яғни олардың негізгі мақсаты - табыс табу, ал мемлекет бұл жерде реттеуші ғана рөлге ие, яғни Үкімет ұсыныс жасай алады, бірақ нарықтық жағдайда оны тікелей мәжбүрлей алмайды", - дейді сарапшы.

Қаржы маманының пікірінше, Ұлттық банк пен қаржы агенттіктерінің де тетіктері шектеулі, олар тек қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етумен айналысады.

"Мысалы ипотекалық пайызды түсіруді Үкімет ұсынғанмен, оны орындауға банктер міндетті емес, себебі олар тәуекел мен қаржы ресурстарын өздері есептейді. Сонымен қатар, ірі банктер нарықты бөліп алған, яғни олар бір-бірімен бәсекелеспейді, осылайша олар өз талаптарын да қоя алады. Соның кесірінен ипотека пайызын мемлекет төмендеткісі келсе де, банктер бұған қарсылық білдіреді. Бұл шын мәнінде Үкіметтің қаржылық институттар алдындағы ықпалы шектеулі екенін көрсетіп отыр", - дейді Бауыржан Ысқақов.

Сонымен қатар, сарапшы шетелдік банктер Қазақстан нарығына кіруге неге тежеліп отырғанын айтты.

"Біріншіден, реттеуші талаптардың күрделігі, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасы мен қаржылық есеп беру талаптары шетелдік банктерге бейімделмеген. Яғни бұл, әрине, бюрократиялық тосқауыл деп айтуға болады. Екіншіден, ішкі банктердің лоббиі деп айтуға болады, яғни жергілікті банктер шетелдік капиталдан қорқады, себебі олар нарықтағы өз үлесін жоғалтып алуы мүмкін. Осы себеппен тікелей немесе жанама түрде шектеулер жасалып жатқанын да көруге болады. Сонымен қатар, саяси және экономикалық тұрақсыздыққа байланысты. Яғни кейбір шетелдік банктер үшін Қазақстан нарығы әлі де тәуекелі жоғары деп есептеуге болады. Нарыққа жаңа ойыншылар кірмегендіктен, қазіргі банктер бәсекеден қорықпайды және жоғары пайыздық саясатты да жалғастырып отыр", - дейді ол.

Бұған дейінгі дағдарыстарда мемлекеттің банктерге көмегі қалай ақталды? Сарапшы бұл сауалға былай жауап берді.

"2008, 2015 жылдардағы дағдарыстарда мемлекет халықтың ақшасына, яғни Ұлттық қордан және бюджеттен банктерге тікелей немесе жанама түрде қолдау көрсетті. Кейбір банктер сол көмектен кейін қайта құлап жабылды немесе біріктірілді. Есесіне халыққа несие беру пайызы төмендеген жоқ, керісінше артты. Қаржы саласында банктерде "өзінің қатесіне мемлекет жауап береді" деген сенім де пайда болғаны белгілі. Көмек алған банктер әлі де жоғары пайызбен несие ұсынып отыр. Қазақстандағы банк секторы нарықтық, бірақ әлеуметтік жауапкершілікке әлсіз жүйе ретінде қалыптасып отыр. Үкіметтің ықпал ету тетіктері де шектеулі. Шынайы бәсекелестік ортасы қалыптасуы керек. Сонда ғана шетелдік банктерге жол ашылады. Мемлекеттік тұрғын үй несиелеу секторын күшейтуге байланысты саясаты күшейеді. Сонымен қатар, банктердің әлеуметтік жауапкершілігін заңмен нақтылау деген сияқты жұмыстар да жасалуы керек деп ойлаймын".

Еске салайық, бұған дейін мемлекет ипотека мөлшерлемесін 20%-ға түсірмек болғаны, бірақ банктер мұны қабылдамай, 25%-ға қайта көтергені айтылды. Dalanews.kz-тің осы бағыттағы сауалдарына танымал экономист сарапшы Ләззат Жанмолдаева жауап қатты.


Рекомендовать
Последние новости