Уақыт белдеуіне қатысты петиция: нақты шешім қашан қабылданады?

Сағыныш Сардарова 21 июн. 2024 12:39 3655

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда уақыт белдеуін қайта өзгерту мәселесі петиция бойынша қаралатынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист ведомство басшысынан "Уақыт белдеуін ауыстыруға қарсы петицияны қарастырып жатырсыздар ма?" деп сұрады.

Министр Арман Шаққалиев петиция қалай қаралатынын түсіндірді.

"Петицияны заңда бекітілген алгоритм бойынша қараймыз. Бүгін жұмыс тобының отырысы өтіп жатыр. Бұл – бірінші кезең, яғни ұйымдастыру жұмысы жүріп жатыр. Өтініш беруші ұсынған барлық адамды яғни (жұмыс тобына - еск.) кім кіруі керек, оған енгіздік. Қазір бұл топта жұмыс істеу принципін айтып жатырмыз: ашықтық, аргументтің болуы, сыйластық. Жұмыс кестесін бекітіп, күн тәртібін бекітіп жатырмыз. Шахмат ойынындағы сияқты әрбір жүрісі дәлелге сүйініп жасалады, құр айыптауға, эмоцияға берілмейміз. Бұл – петицияны қарастырудың екінші кезеңі. Үшінші кезеңде, комиссия қорытындыны шығарып, өз шешімін айтады. Төртінші кезең, петиция 40 күн қаралатынын білесіздер. Сондықтан заңда бекітілген мерзімге сәйкес барлығы іске асырылады", - деді министр.

Бұған дейін елімізде бұрынғы сағат белдеуін қайтару туралы петиция 50 мың қол жинағаны белгілі болды.

Биыл 1 наурызға қараған түні Үкіметтің "Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы" қаулысына сәйкес елдің бүкіл аумағы бірыңғай сағат белдеуіне көшті. Содан бері Қазақстанның 16 облысы 5 сағаттық "UTC+5" белдеуінде орналасты. Алайда бұдан кейін сағат тілін кері жылжыту туралы петиция пайда болды.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин петиция 50 мың дауыс жинағанда қандай шешім қабылданатыны туралы сауалға жауап берген еді.

"Петиция 50 мың дауыс жинаса, біз арнайы жұмыс тобын құрып, белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдар мен сарапшыларды тарта отырып, оны қарайтын боламыз. Мен қазір алдын ала ештеңе айта алмаймын. Оның 50 мың дауыс жинағанын күтейік", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости