Түркістандағы цифрландыру. 109 бірыңғай байланыс орталығына жыл басынан бері 100 мыңнан аса өтініш түскен

Жарбол Кентұлы 07 окт. 2024 21:44 2204

Түркістан облысы бойынша 109 Бірыңғай байланыс орталығына жыл басынан бері 100 837 өтініш, ұсыныс келіп түскен. Орталыққа өтінімдердің 97%-ы қоңырау шалу арқылы және 3%-ы әлеуметтік желілер (Whatsaap, Instagram, Telegram, Facebook) арқылы жоданған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Өңір басшысы халықпен байланысты нығайту, өтініштерге  дер кезінде жауап беруді тапсырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Байланыс орталығына түскен әрбір өтініш мұқият қадағаланып, бақылауға алынуы тиіс. Бұл істі сапалы атқара алмай отырған аудан, қала әкімдіктері жұмысты ширатсын. Өзекті, кезек күттірмейтін мәселелерді созбалаңға салуға болмайды. Байланыс орталығының жұмысын жетілдіріп, жүйелей түскен жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиын барысында Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы Марат Айнабеков баяндама жасады. Оның айтуынша, өңір тұрғындары күнделікті коммуналдық-тұрмыстық, білім, әкімдік қызметтер бойынша өтініш түсіреді. Басқарма басшысы шағымдарға тиісті мекемелермен берілген жауапты смс-хабарлама ретінде тұрғындарға жолдауды ұйымдастыру, аудан, қала әкімдіктерімен түскен өтінімдердің уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындар арасында 109 бірыңғай байланыс желісін кеңінен насихаттау шараларын жүргізу сынды бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Талдау нәтижесінде 9 айдың қорытындысы бойынша өтініштер 13 пайызға төмендеп отыр. Негізінен Түркістан және Кентау қалалары мен Төлеби ауданынан қоңыраулар көп түседі. Ал өтінімдердің ең азы Сарыағаш, Созақ, Отырар, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша да 20 маусымнан  бері 500-ге жуық өтінім келіп түскен.

Айта кетейік, 109 Бірыңғай байланыс орталығы Түркістан облысы тұрғындарының өтініштерін қабылдап, жауапты басқармаларға немесе аудан, қала әкімдіктеріне, сонымен қатар жауапты бөлімдер мен мердігерлерге жолдап, өтініштердің толық, сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді.


Рекомендовать
Последние новости