Түркістанда үкіметтік емес ұйымдар Жолдауды талқылады

Dalanews 06 окт. 2018 12:34 988

Бүгін Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың кітапханасында Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Түркістан облысы Азаматтық альянсының» ұйымдастыруымен үкіметтік емес ұйымдармен жиын өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру жолы талқыланған жиынға өңірдегі 30-ға жуық белсенді үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Жиынды ашып жүргізген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев Елбасының биылғы Жолдауының маңыздылығына тоқталды.

«Кеше Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халық табысын өсіру, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру бағытында жоспарларын айтып, билік тармақтарына елмен етене жұмыс істеуді тапсырды. Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерді іске асыруда азаматтық қоғам өкілдеріне үлкен сенім артылады. Сондықтан, бүгін біз сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, бірлесіп жұмыс істеу жөнінде Түркістанда бірінші рет бас қосып отырмыз. Азаматтық қоғамды дамытуда үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі мол. Әсіресе, Түркістан жаңа облыс орталығына айналғандықтан оның әлеуметтік-мәдени бағытын жаңа деңгейге көтеруде сіздерден тың жобалар күтеміз», -  деді басқарма басшысы.

«Түркістан облысы Азаматтық альянсының» төрағасы Шәріпбек Жамалбек өңірде үкіметік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру бағытындағы ойларын айттып, қараша айында өтетін облыстық азаматтық форумға дайындық мәселесін қозғады.

Сонымен қатар, «Аталар аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Бекбаев, «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Әшірбаев, «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының төрағасы Еркінбай Шалтан және «Түркістан қалалық ҰОС және еңбек ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен өзге де азаматтар сөз сөйлеп, көптеген мәселелерді ортаға салды.

Атап айтсақ, Түркістан қаласындағы әлеуметтік нысандарда мүгедектерге арналған пандустардың жоқтығы, қоғамдық бірлестіктерге арналған кеңселердің өте тапшы екендігі сөз болды. Сондай-ақ, әлеуметтік тапсырыстарды өзге өңірдің бірлестіктері жеңіп кететіні, мүгедек жандардың жұмысқа орналасудағы қиындықтары, оларға қолдау қажет екені айтылды.

Бүгінде Түркістан облысында 738 қоғамдық бірлестік тіркелген. Оның ішінде 577-сі — үкіметтік емес ұйымдар. Өңірде ҮЕҰ саласында сұхбат ұйымдастыру шеңберінде 35 сұхбат алаңы жұмыс істеп тұр. Облыстық және 16 аудандық, қалалық ақпараттық-ресурстық орталық бар. Әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссияларға ҮЕҰ өкілдері енгізілген. Барлық деңгейдегі кеңестер жоспарға сәйкес жылына 2 рет жиын өткізіп, іс-шараларды бағдарлайды. Облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері жылына 2 рет азаматтық қоғам институттарымен атқарған жұмыстары туралы есеп береді.

Облыста үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша бірнеше басқарма мен аудан, қала әкімдіктері жұмыс атқарады. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік-маңызды жобалардың тақырыптары мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға және әр саладағы өзекті мәселелердің алдын алуға арналған. Қазіргі таңда 72 заңды тұлға, оның ішінде 45 үкіметтік емес ұйым мен 27 бизнес құрылымы енген «Түркістан облысы Азаматтық альянсы» қауымдастығымен тығыз байланыста жұмыс атқарылып келеді. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ширату және қолдау мақсатында облыстың барлық аудан, қалаларында ақпараттық интернет-ресурстық орталықтар ашылған.

Жиынды қорытындылаған Б.Тәжібаев ҮЕҰ өкілдеріне белсенділікті арттырып, Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді бірлесіп атқаруға, Түркістанды көркейтуге үлес қосуға шақырды.

Осы кездесуде айтылған ұсыныстар мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар қолға алынады.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости