Түркістанда Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменовтың шығармашылығы ұлықталды

Dalanews 21 дек. 2018 11:48 1179

Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығы мен жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Ұлы даланың дара даналары» кітап көрмесі мен «Қаратаудың төл перзенттері» атты еске алу кеші өтті.


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған әдеби кешке зиялы қауым өкілдері, әдебиетшілер, ақын-жазушылар мен оқырмандар қатысты.


Рухани кеште Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев «Құлагердей қаламгерлердің атын ардақтау, құрмет тұтып қастерлеу, биікке көтеру, мұра етіп қалдырған алтын қазыналарын келешек ұрпаққа жеткізу — баршамыздың парызымыз» дей келе  өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді.


Сонымен бірге, Тәкен Әлімқұловтың жұбайы Есімкүл Әлімқұлова мен Асқар Сүлейменовтің ұлы Әлішер Сүлейменовке облыс басшысының сый-сияпатын табыс етті.


Сөз зергерлерін еске алуға арналған кешке Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханұлы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы Есенғали Раушанов,  жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлықтың иегері Рафаэль Ниязбекұлы, жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт және Созақ ауданының Құрметті азаматы, ақын Мыңжасар Асқаров және өзге де зиялы қауым өкілдері әдебиеттің қос алыбының еңбегі ерен екеніне тоқталып, олардың рухани мұралары елге мәңгі қызмет ететінін айтты.


Әдеби кеште Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрының әртістері «Қаратаудың төл перзенттері» поэтикалық композициясын ұсынса, облыс өнерпаздары концерттік бағдарламасын тарту етті.Жиынға қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен кешке ризашылықтарын білдіріп, рухани серпіліп қайтты.


Осы күні Түркістан қаласындағы №21 жалпы орта мектебінде де Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығына арналған еске алу іс-шарасы өтті. Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы №21 жалпы орта мектебіне Т.Әлімқұловтың атын беру жөнінде Президент Әкімшілігіне ұсыныс хат жолданса, Түркістан қаласындағы А.Сүлейменов көшесіне газ, су тартылып, жолы жөнделетіні де белгілі болды. Ұлы тұлғаларға деген құрмет ешқашан төмендемейді.


Рекомендовать
Последние новости