Түркістан облысының орталығына жаңа әкім тағайындалды

Dalanews 22 июн. 2018 08:59 1064

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен ҚР Президенті әкімшілігінің және Түркістан қалалық мәслихатының келісімімен Түркістан қаласы әкімі лауазымына Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев тағайындалды. Облыс басшысы қала активін облыс орталығы болып Түркістан қаласының бекітілуімен құттықтап, шаһар басшысын таныстырды.

Ә.Өсербаев 1961 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі инженер-химик-технолог.  Еңбек жолын 1983 жылы Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауытының машинисті ретінде бастаған. 1986-2014 жылдары Түркістан қаласы құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинаты зертханасының инженері, мастері, экономисті, цех бастығы, бас инженері, «Қуат Суиндустрия» АҚ, «KazakhConstruction Industry» АҚ Түркістан қаласы рудасыз материалдар комбинаты филиалдарының директоры, Түркістан қалалық мәслихаты хатшысының міндетін уақытша атқарушы, Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Кентау, Түркістан қалалары әкімдерінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының әкімі болып лауазымдарын атқарған. 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында қызмет етіп келді.

Өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы тарихи әрі сындарлы кезеңде Түркістан қаласының әкіміне және әкімдік құрылымдарына артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр екендігін жеткізді.

«Түркістанға «тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі жұртының зиярат жасайтын қастерлі орны» деп баға берген Елбасы оның рухани өмірінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен орны бар екенін, тарихы терең Түркістанның туризм үшін де маңыздылығы ерекше екендігін және қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуы сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындар үшін қолайлы екендігін баса айтты, демек осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ,  қала әкіміне Түркістан қаласының Бас жоспарын тездетіп әзірлеуді, заман талабына сай қаланың даму динамикасын одан әрі арттыруға қажетті бағыттарды жетілдіруді және тұрғындар мен туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қаланың инфрақұрылымын қалыптастыруды тапсырды.

Бұдан өзге, өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы индустриалды аймақта орналасатын инновациялық-инвестициялық жобаларды көптеп тарту, шағын және орта бизнесті жетілдіре отырып, өндірісті дамыту, қаланың логистикалық мүмкіндігін арттыру, қаланы туризм орталығы ретінде дамыту бойынша нақты шараларды қабылдау қала әкімінің басты ұстанымы болуы керектігін айтты.

– Ең бастысы Түркістанды еліміздің рухани тірегі екендігін ұмытпауымыз қажет. Осы тұрғыда бүкіл түркі әлемі көз тіккен жауһар қаладағы әрбір өткізілген іс-шаралар мен тарихи оқиғалар егемен еліміздің мерейі екендігі  әрқашанда жадымызда болуы тиіс, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Жиын соңында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев тарихи кезең тоғысында Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ белсенді азаматтарды марапаттады.

Рекомендовать
Последние новости