Түркістан облысындағы суретшілерді қанаттандырған пленэр

Dalanews 28 июл. 2018 08:52 1219

Түркістан облысында «Kaskasu» Халықаралық суретшілер пленэрі қорытындыланды. Шараның салтанатты жабылу рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, пленэрге қатысқан қылқалам шеберлерін марапаттады.

Аймақ басшысы суретшілердің апта бойы салған суреттерін тамашалап, өнер иелеріне шығармашылық табыс тіледі.

– Бұл шараға әлемнің әр түкпірінен келген атақты суретшілердің туындылары Түркістан облысының көркемсурет қорын толықтыруға өз септігін тигізері сөзсіз. Халықаралық деңгейдегі белгілі қылқалам шеберлерінің осы апталықтағы шығырмашылық ізденісінен құнды өнер туындысы табылады деп сенем. Аталған шараны ұйымдастырудың негізгі басты мақсаты – Түркістан өңірінің өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктерін және көзтартарлық орындарын бейнелейтін халықаралық деңгейдегі өнер шығармаларын жасап, оларды әлемдік деңгейде таныту, сол арқылы туризмді дамытуға үлес қосу, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Халықаралық суретшілер пленэрі 2018 жылдың 22-27 шілде аралығында облыс әкімдігінің бастамасымен, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының, Төлеби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Симпозиумға Түркия, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан елдерінен және республикамыздың Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қарағанды, Тараз қалаларынан, сондай-ақ, Түркістан облысының арнайы білімі бар кәсіби 24 суретші қатысты.

Олар бір жеті ішінде Түркістан, Төлеби, Созақ, Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Мақтарал, Жетісай, Сарыағаш, Шардара аудандарындағы бірқатар тарихи – мәдени орындарда болып, сондағы көріністерді қағаз бетіне түсірді.

Шараның мақсаты – еліміздің салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, ғасырлардан сыр шерткен қасиетті мәдени сәулеттік ескерткіштерді, тарихи орындар мен ұлттық өнерімізді, тамаша табиғатымызды насихаттау. Сондай-ақ, түркі тілдес елдердің еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, талантты қылқалам шеберлері, кескіндеме саласы бойынша өзара тәжірибе және пікір алмасуды жүзеге асыру. Негізі бір, тілегі ортақ, түркі жұртының халықтар арасындағы достық байланыстарын нығайта отырып, туризмді дамытуға үлес қосу.

Айта кетейік, жиынның соңы Нұрлан Өнербаев, Гүлнар Сиқымбаева сынды эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Еске салсақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста дәстүрлі түрде өтетін облыстық, республикалық және халықаралық іс-шаралар жоспары бекітілген. Өңірлердің әлеуметтік жағдайы мен табиғат ерекшелігін ескере отырып, іс – шаралар әр ауданда өткізілуде. Мәселен, қасиетті Қазығұрт тауының бөктерінде «Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасынан басталып, облысымыздың символы, «Қызыл кітапқа» енген, айырықша қорғауды қажет ететін қызғалдақты насихаттауға арналған жиын Түлкібас ауданындағы Шұбайқызылда жалғасын тапты. Сондай-ақ, Ордабасы тауында «Ордабасыға оралу: Береке басы – бірлік», дәстүрді дәріптеу мақсатында Бәйдібек ауданында «Қымызмұрындық» қымыз фестивалі ұйымдастырылды. Міне, бүгін осынау игі бастама Төлеби ауданында «Халықаралық суретшілер пленэрі» іс-шарасымен жалғастырып отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости