Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында ауқымды әлеуметтік жоба іске асырылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған жоба аясында 1 қабатты, әрқайсысы екі пәтерлі 48 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме – «Building Group – 1» ЖШС жүргізуде.
"Жеке кәсіпкердің есебінен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған соң, мемлекет тарапынан қарастырылған 1,5 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға барлық үйлер сатып алынады", - делінген әкімдік хабарламасында.
Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен арнайы танысты. Аудан басшысы нысанның сапасына, құрылыс қарқынына және жұмысшылардың еңбек жағдайына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, мердігер компания өкілдерімен пікірлесіп, туындаған мәселелерді дер кезінде шешу, жұмыс кестесінен кешікпеу қажеттігін қадап айтты.
Айта кетейік, бұл үйлер бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, толық емес отбасыларға және тұрғын үйге мұқтаж өзге де санаттағы азаматтарға жалға берілетін болады.