Түркістан облысына «жасыл» технология жүйесі енгізілмек

Dalanews 29 июн. 2018 03:37 920

Түркістан облысының әкімдігі мен «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өзара меморандумға отырды. Аймақ басшысы қол қойылып отырған құжат облыс орталығы Түркістан қаласының экономикалық әлеуетін дамытуға мол мүмкіндік ашатынын айтты.
– Елбасымыз баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы жасыл экономиканы енгізуді үнемі айтып келеді. Міне, бүгінде облыс орталығы Түркістан қаласы осындай жаңашылдыққа бет бұрғалы отыр. Ал, жұмыстарды Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығымен бірлесе отырып жүзеге асырамыз, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бүгінгі күні ғылыми жетістіктердің арқасында барлық экологиялық мәселелерді іс жүзінде экономикалық тұрғыда шешуге болады. Сондықтан да «жасыл» технологиялар термині пайда болды.

Өз кезегінде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшысы Рапиль Жошыбаев, орталық «жасыл экономика» объектілерінің ақпараттық жүйесін қалыптастыру бойынша жобаның тұжырымдамасын әзірлегенін жеткізді.

– Бұл мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын және қазақстандық кәсіпорындардағы жасыл технологияның енгізілуін, сондай-ақ дамуын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін сұраныстағы өнім. Одан бөлек, жаңаша жүйе күн сәулесі, жел, су, биомасса және қалдықтардан баламалы энергия өндіру карталарын қамтиды, – деді Р. Жошыбаев.

Меморандумда аймақтың әлеуетін пайдалана отырып, Түркістан облысында шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүеге асыру көзделген. Сонымен қатар, құжатта қосымша энергия өндіру үшін, күн және жел электр станцияларының құрылысына инвестициялар тарту, энергияны және аудандық газбен жабдықтауда ресурсты үнемдейтін технологияларды қолдану, ауыл шаруашылығы саласындағы биотехнологияларды дамыту, таза сумен қамтамасыз ету жолдары қаралған.

Қазіргі таңда Орталық «Бір белдеу бір жол» бағдарламасы аясында «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің мұрасының іс жүзіндегі жалғасы болып табылатын жаһандық «Silk road Super Grid» жобасын жүзеге асыруды ұсынуда. Бұл Қазақстандағы жасыл экономиканың ілгерілеуіне сүбелі үлес қосатыны сөзсіз.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости