"Той жасай ма, кредитін жаба ма, өзінің жинақтаған ақшасы" - депутат Мұқаев БЖЗҚ-дағы дауға қатысты

Сағыныш Сардарова 17 сент. 2025 17:00

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев тіс емханаларында болып жатқан күмәнді әрекеттерге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мән-жайы

Бұған дейін 15 қыркүйектен бастап 2026 жылғы 15 сәуірге дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау тоқтатылды. Артынша қазақстандықтар зейнетақы жинағын тіс емдеуге мүлдем қолдана алмайтын болды. Мұның бәрі зейнетақы жинағын алу кезіндегі заңсыздықтарға байланысты қабылданды. 

Оған қоса Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысында "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан" қаражатты заңсыз алуға жәрдем көрсеткен 5 қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

Депутаттың пікірі

Мәжіліс дәлізінде депутат журналистердің сауалына жауап берді.

"Миллиардтаған ақша еліміздегі ТОП-20 тіс емханасына ғана тиесілі екен. Оның ішінде шынайы тісін емдетіп жатқан азаматтар бар. Одан кейін өтірік емдетіп жатқандар бар. Мен "10-15 пайызын алып қалады" дейтінді естимін. Сондықтан да осындай әрекеттерден оны тоқтатты", - деді ол.

Дәулет Мұқаев бұл қаржы халықтың қажетіне жұмсалуы керек деген пікірде.

"Жалпы менің түсінігімде шектен асқаннан кейін халықтың өз ақшасы ғой. Берілуі керек. Тісін емдей ме, той жасай ма, ит ала ма, кредитін жаба ма, ет ала ма, ол - өзінің жинақтаған ақшасы. Оған "не тісіңді емде, болмаса үй ал" деген дұрыс емес секілді. Өйткені ол - өзінің жинап, айлығынан он пайыз беріп отырған ақшасы. Мен алған жоқпын, мен жинаймын", - деді депутат.

Кейінгі кезде "Декретке миллионмен" дауы төңірегінде Дәулет Мұқаевқа қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Жуырда депутаттың өзі осыған байланысты "қызметтік тексеріс жүріп жатыр" деген ақпаратты жоққа шығарды. 


Рекомендовать
Последние новости