Петропавл қаласында үш баланың анасы 2007 жылдан бері кезекте тұрған мемлекеттік тұрғын үйден қағылған. Әкімдік өкілдерінің пікірінше, жалғызбасты анаға 10,5 шаршы метрлік тұрғын алаң "жеткілікті" болған. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әйел адам мемлекеттік қызметкер ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген. Ол бұған дейін ата-анасынан Ольшанка ауылындағы үйдің төрттен бір бөлігін мұраға алған. 2023 жылы бұл үлесін көршісіне сыйға тартып берген. Алайда әкімдік бұл мүлікті толыққанды тұрғын үй ретінде есепке алып, оны бағдарламаға қатысу құқығынан айырмақ болған.
"2024 жылы әйелге Петропавл қаласынан жергілікті атқарушы орган арқылы берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер бөлінді. Алайда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі әйелмен сатып алу-сату келісімшартын жасаудан бас тартты. Себеп ретінде бұрынғы тұрғын үйдің адам тұрмысына жарамды екенін алға тартқан", – делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.
Сот бұл шешіммен келіспеді. Әйел иелік еткен тұрғын үйдегі үлестің жалпы ауданы 20 шаршы метрден сәл ғана асқан, ал нақты тұрғын алаңы – небәрі 10,5 шаршы метр. Бұл санитарлық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмейді. "Тұрғын үй қатынастары туралы" заң бойынша, әр адамға кемінде 15 шаршы метр бөлінуі тиіс. Оның үстіне, ананың ұлдары да, қыздары да бар. Яғни, жеке бөлме қажет.
Сот ана мен балалардың жағдайын ескеріп, талап-арызды қанағаттандырды және тұрғын үй-коммуналдық бөлімін сатып алу-сату келісімін жасауға міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді.