Тоқаевтың сынынан кейін Бектенов Алакөлге орынбасарын жіберді

Қаракөз Амантай 10 июл. 2025 18:40

Премьер-министр Олжас Бектенов туристік саланы дамытуға қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кеңесте Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов еліміздің туристік аймақтарындағы инфрақұрылым, сервис пен қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ Алакөл жағалауындағы қазіргі жағдай туралы баяндама жасады.

Олжас Бектенов өңір әкімдері мен орталық мемлекеттік органдарға осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Нақты міндеттер жүктелді.

Президент ескертулерінің шұғыл орындалуын қамтамасыз ету үшін Ермек Көшербаев пен Ербол Мырзабосынов өңірлерге іссапармен жіберіледі. Сапар нәтижесінде жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылады.

Бұдан бөлек, жиын барысында Алматы тау кластерін дамыту мәселелері қаралды. Бастапқы кезеңде инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, электр желілерін, кәріз жүйесін, газбен жабдықтау мен автожолдарды салу, сондай-ақ іргелес аумақтарды абаттандыру және болашақта әлемдік деңгейдегі курорт қалыптастыру үшін жағдай жасау көзделіп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аударды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.

"Атап айтқанда, қажетті туристік инфрақұрылым, қызмет көрсету мен қауіпсіздік лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеген.

Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды", - деп жазды ол. 

Мемлекет басшысының Алакөл жағалауындағы туристік инфрақұрылымға қатысты сынынан кейін облыс әкімінің тапсырмасымен оның орынбасары Серік Туленбергенов аудан басшылығының және жауапты мемлекеттік мекемелердің қатысуымен көл басында шұғыл жиын өткізді. Онда демалушыларға қолайлы жағдай жасау, санитарлық тазалық пен қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Көл жағасына құқық қорғау органдарымен бірге рейд жүргізіп, тәртіптік шараларды күшейтеді. Соның ішінде моторлы қайық иелерінің қызмет көрсетулері қатаң тексеріледі. Тазалық мәселесі қарастырылып, қоқыс тастаған сауда орындары мен демалыс үйлеріне айыппұл салынады.

Алакөлдің Абай облысындағы жағалауына биыл ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұған дейін наурыз айынан бастап, облыс әкімі Берік Уәли туристік орынға 3 рет барып, көшпелі жиындар өткізген. Алакөл жағалауына 2018 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осыны ескере отырып, облыстық бюджеттен 658 миллион теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыдан Арбат алаңын жөндеуге 108,9 млн тг, жаңа қоғамдық кеңістік құруға 171,6 млн тг, жағалауды абаттандыруға 107,5 млн тг бағытталды. 25 киім ауыстыратын орын, 50 контейнер, 2 биотуалет орнатылды. 7 пирстің 3-еуі орнатылып, құтқару мұнаралары мен жағажайды жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар жағалауда құтқару станциясының құрылысы басталды. Аталған станция Алакөл аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу, салдарын жою, алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жасау, адам өмірін сақтау мен жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосы салынуда. Екі өрт сөндіру автокөлігіне арналған бекет Алакөл маңы мен аумағындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.


Рекомендовать
Последние новости