Тоқаевтың кеңесшісі 6 трлн теңге қайда жұмсалғанын айтты

Dalanews 08 июн. 2020 06:43 867

Президент Тоқаевтың уәзірі, экономист Олжас Құдайбергенов 6 трлн теңгенің қайда жұмсалғанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның айтуынша әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 6 трлн теңгенің қайда жұмсалғанын талқылаған хабарламалар тарап жатыр. Бәрін, сайып келгенде, толғандыратыны - екі айдың ішінде осынша қомақты қаржының қалай жұмсалғаны.

"Әрине, жұмсаған екен, демек ұрлаған деп ойлайды бәз біреулер. Өкінішке орай, үкімет тарапынан әлі ресми түсініктеме берілген жоқ, сондықтан мұның жайына өзім тоқтала кетсем деймін.

Бұл соманы жіліктеп, шағып түсіндірер алдында, ең алдымен Президенттің бұл ретте айтқанына тоқтала кетейін: «Жалпы, біз қабылдаған шаралар мемлекетке 5,5, тіпті шамамен 6 трлн теңгеге түсті, бұл - 13 млрд доллар немесе жалпы ішкі өнімнің 8% -дан астамы».

Мұнда «мемлекетке түскен салмақ» деген сөз мемлекеттік бюджеттік жоспарлау тұрғысында қолданылып тұр. Демек, бұл қаражаттар нақты шараларға бөлінді, әрине, соған сәйкес әр шараның өз мерзімі бар, ең ұзақ дегенде ол жыл соңына дейін жалғасады", – дейді Президент кеңесшісі.

Құдайбергенов бұл ретте әлгі қаржы бөлінетін шараларға тоқтала кетіпті.

1. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 1 триллион теңге жоспарланған, оның 700 млрд теңгесін әкімдіктер бағалы қағаздар шығару арқылы, ал қалған 300 млрд теңгесін республикалық бюджеттен алады.

Жаңалықтарда, негізінен құрылыс және инфрақұрылымды жаңарту саласы бойынша 7 мың жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғаны хабарланды да. Олар сәуірден бастап желтоқсанға дейін игерілетін болады, бірақ негізгі төлемдер қыркүйек-желтоқсан айларында жүзеге асырылады.

2. Тағы 1 триллион теңге ШОБ-ты 6%-тік жеңілдікпен несиелеуге бөлінген. Менің білуімше, әзірге бұл бағытта шамамен 300-350 миллиард теңге игерілген. Тура осы арада, яғни несиені бөлуге келгенде жылдамдықты арттырған дұрыс болады деп ойлаймын.

Айтқандай, Ұлттық банктің бұл 1 трлн теңгесінен бөлек бизнеске тағы 75 млрд теңге бюджеттен бөлінді. Онда да жоғарыда атап өткен несие көлемін 6% -ға төмендетуде ол несие мөлшерлемесін қайта субсидиялау үшін бөлініп отыр.

3. «Бәйтерек» холдингі арқылы тұрғын үй құрылысына тағы 390 млрд теңге қарастырылған. Бұл сома маусым-желтоқсан айлары аралығында бөлінеді.

Оның үстіне субсидияны 60 млрд теңгеге дейін арттырды және форвардты (тауар түріндегі) сатып алуға 23 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ «ҚазАгро» АҚ арқылы несиелеуге деп 70 млрд теңге берді, бірақ бұл өткен жылы мақұлданған есеп, ал 2-тармақтан бөлек ауылға 100 млрд теңге бөлінді. Ақшаны бөлу процесі біршама кідіріп жатыр, бірақ оның жартысы жазда, тағы бір бөлігі күзде бөлінуі керек.

4. Екі айға деп 42 500 теңгеден 386 млрд теңгенің төлемі жасалмақ, яғни оны алушылардың жалпы саны шамамен 4,5 млн адамды құрайды. Бұл соманың тең жартысы төленді, ал қалған жартысы бүгіндері төлену барысында.


5. ШОБ-тың жалақы қоры бойынша төлейтін салықтарын нөлге теңестіру бюджетке 237 млрд теңгеге түсті. Бұл - сәуір-қыркүйек айларындағы бюджеттің жоғалтқаны.

6. Медицина саласына арналған қосымша шығындар (дәрігерлердің сыйақысы, тамақ және тұрмыстық жиынтықтары, байланыс қызметтері, медициналық қызметтерге ақысы, медициналық модельдік кешендер салу және т.б.) 125 млрд теңгені құрады. Бұл соманың басым бөлігі әлдеқашан бөлініп қойған.

7. Зейнетақыларды, жәрдемақыларды, шәкіртақыларды ұлғайтуға 244 млрд теңге бөлінді. Бұл қосымша шығындар сәуір-желтоқсан аралығында бөлінеді.

8. Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды (Еңбек, Ауыл Бесігі) қаржыландыру көлемін 105 млрд теңгеге арттырды. Ол да сәуір-желтоқсан аралығында бөлінеді.

9. Төтенше жағдайлар кезінде (мысалы, су тасқыны) кейбір шығындарды шұғыл жабу үшін Үкімет резервтен тағы 150 млрд теңге бөлді.

10. Сондай-ақ, бюджет кірістерінің шығынын өтеу үшін Ұлттық қордан қосымша 1,7 трлн теңге бөлінді. Қазір бизнес қиын жағдайда тұр, салық түсімдері азайып жатыр, трансферттерді көбейтуге тура келуде.

Осылардан бөлек басқа да түрлі бағыттар бар (қорғаныс, қауіпсіздік, теңгенің құнсыздануына байланысты шетел валютасын қаржыландыруға бюджеттен кеткен қосымша шығыстар), бұл - тағы 200-300 млрд теңге.

Енді осының бәрін қосалық: 1 трлн + 1 трлн + 75 млрд + 390 млрд. + 60 млрд + 23 млрд + 386 млрд + 237 млрд + 125 млрд + 244 млрд + 105 млрд + 150 млрд + 1,7 трлн = шамамен 5,5 трлн теңге, ал басқа да бұдан майда шығындарды қосқанда шамамен ол 5,7-5,8 трлн теңге болып қалады.

Әрине, кейбір цифр бойынша қателесуім мүмкін екенін мойындаймын, өйткені өткен айда талқылауда кейбір өлшемдер өзгеріп кетті, одан кейін Үкімет шығындардың қосымша баптарын дағдарысқа қарсы деп қарастырады, бірақ жалпы сома көп өзгеруі екіталай. Міне, осылай! 6 трлн теңгенің жайын бүге-шігесіне дейін түсіндіре алдым деп үміттенемін!


P.S. Айтақандай, кеше кешкісін Қаржы министрлігі де есеп берген екен. Цифрларда аз-мұз өзгешелік бар, бірақ тұтастай алғанда екеуі бірдей...

 

Рекомендовать
Последние новости