Тоқаевқа хат жазған Тарбағатай тұрғындары асығыстық жасағанын айтты

Dalanews 11 авг. 2020 09:27 1528

Бұдан бұрын әлеуметтік желідегі топтарда президент Тоқаевқа арналған хат жарияланды. Хат авторлары Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Көкжыра елді мекенінің “Елеке сазы” қорғанындағы археологиялық жұмыс жайлы айта келіп, “Алтын адам” табылған аумақта әзіргі күні адам сүйектері шашылып жатқанын, соның салдарынан ауылда әр түрлі оқыс оқиғалар орын алғанын жазған.







Хат авторлары Көкжыра ауылының тұрғындары “Елеке сазындағы” қабірлердің қайта көмілуін және қазба жұмыстарының дереу тоқтатылуын талап еткен еді. Dalanews.kz бұл орайда қазба жұмысының басы-қасында жүрген белгілі ғалымдардың пікірін біліп, мәселенің анық-қанығын анықтауға тырысқан еді.

Кейіннен Президентке жолдаған Ашық хатта жазылған деректер жалған болып шықты.

Қорымдарды қазып, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу шариғатқа қайшы әрекет емес екенін имамдар да түсіндіріп берді.


– Жалпы ежелгі тарихи орындарға археологиялық жұмыстар бұрыннан жүргізіліп келеді. Оның өзіндік жөн-жосығы, тәртібі болады. Дін бұған қарсы емес. Ал енді қабірді қазып, мәйітті қорлайтын болса әңгіме бөлек, ондайға жол берілмейді, – дейді ҚМДБ-ның Семей өңірі бойынша өкіл имамы Асқар Мұқанов.

Белгілі археолог Зейнолла Самашевтің пікірінше ауылдағы келеңсіз әлеуметтік құбылыстардың негізгі себебін археологиялық қазба жұмыстарынан іздеуді – белгілі бір топтың өз арам ойын жүзеге асырудың құралы деп қарау керек.


"Қазба жұмыстары жүргізілген нысандарда ешқашан адамның, малдың сүйектері шашылмайды, керісінше, талдап, жиналып алынады. Себебі, тарихи зерттеулердегі аса құнды дереккөз болып табылатын материалдарды арнайы мамандар – антропологтар, палеогенетиктер және палеозоологтар зерттейді. Мәскеуден келген адамдар, осы қатардағы мамандар.


Нысандардың барлығы қайтадан жабылады, аса құнды ескерткіштер аспан астындағы музейлерге айналады, олардың жобалары жасалуда, – дейді ғалым.

Бүгін атышулы хатқа байланысты Көкжыра ауылы тұрғындары тағы бір мәрте үн қатып, Тоқаевқа жазылған ашық хатта эмоцияға берілгендіктен, кейбір мәліметтердің бұрмаланғанын мәлімдеді. 




 

"Кұрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев!


Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы Көкжыра ауылының "Елеке сазындағы" археологиялық жұмыстарды тоқтату туралы Сіздің атыңызға жазған ашық хатта эмоцияға беріліп, асығыстықпен пікір білдіргенімізді айтқым келеді.

10-тамызда Көкжыра ауылы тұрғындарының талабына байланысты жергілікті атқарушы орган тарапынан жан-жақты түсіндіру жүргізілгеннен кейін, ашық хатта көрсетілген кейбір мәселелердің негізсіз екенін және Елсеке сазындағы археологиялық қазба жұмыстарының ел тарихы үшін маңыздылығы жоғары екендігін түсіндік.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты мемлекеттік саясатқа ешқандай наразылығы жоқ", – дейді ауыл тұрғындары.

Көкжыралықтардың хаты әлеуметтік желіде жарияланды.

Рекомендовать
Последние новости