Тоқаев инвестиция жолындағы қағазбастылықты тоқтатуды талап етті

Самал Асқар 10 февр. 2026 12:22

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестиция тартудағы қазіргі тәсілдердің тиімсіз екенін ашық айтып, мемлекеттік аппараттың қағазбастылық пен үйлесімсіздіктен арыла алмағанын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, инвесторлармен жұмыс істеудегі жүйесіздік сапалы инвестиция тартуға тікелей кедергі келтіріп отыр.

«Ашығын айтуымыз керек, инвесторлармен жұмыстың қазіргі тәсілдері сапалы инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Қағазбастылық әлі көп, бір міндет бірнеше органға қатар жүктелген», – деді Президент.

Тоқаев бұл мәселені былтырғы Жолдауында да көтергенін еске салды. Оның айтуынша, тиімсіз басқару тәжірибесін жалғастыра беруге болмайды.

«Осындай тиімсіз жұмысты доғару қажет. Мекемелер арасында біртұтас әрі өзара келісілген байланыс жүйесін қалыптастыру керек. Бір сөзбен, шешім қабылдау және үйлестіру жұмысы бір жерден жүзеге асырылуға тиіс. Шешім қабылдау үдерісін созуға болмайды, оны тездету керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент инвестициялық жобалардың тағдыры көп жағдайда бірінші басшының жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Бұл тұрғыда Инвестициялық штабтың жұмысына жеке тоқталды.

«Инвестициялық штаб Роман Склярдың арқасында өз жұмысын жалпы тиімді атқарып отыр. Көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Олар инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жоба іске қосылғаннан кейін де инвесторға қолдау көрсете беру керек», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы инвестициялық жобалардың жолында әкімшілік кедергілер болмауы үшін тұрақты мониторинг қажет екенін де қадап айтты.

«Жұмыс барысына үнемі мониторинг жүргізіп, әкімшілік кедергілерге жол бермеу қажет», – деді ол.

Инвесторлардың шағымы мен мәселесін тікелей жеткізетін жауапты тұлғалар да нақты белгіленді.

«Мен инвестициялар мәселесімен айналысатын арнайы көмекшіні тағайындадым. Шетелдік немесе отандық инвесторлардың сұрақтары болса, Мұрат Нұртілеуге Focal point ретінде шағымдануға болады», – деді Президент.

Ал халықаралық қаржы институттарымен байланысты Президенттің кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев жүргізетінін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды іске асырудағы маңызды құралдардың бірі – ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта елде ортақ әрі нақты ереже жоқ.

«Қазір елімізде мұндай келісімшарт жасаудың бірыңғай әрі түсінікті ережесі жоқ. Оның үстіне, мемлекеттік органдар селқостық танытуда. Соның салдарынан стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жоба іске аспай жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бұл мәселені жедел шешуді тапсырды.

«Осы мәселені шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырамын», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

 


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove