TikTok желісіне қандай шектеулер енгізілуі мүмкін? - Депутат үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады

Қаракөз Амантай 03 окт. 2024 11:19 5484

Сенатор Геннадий Шиповских Қазақстандағы TikTok әлеуметтік желісін қатаң бақылауға алу қажеттілігі туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат TikTok пайдаланушылар санының артып жатқанын және олардың басым көпшілігі жасөспірімдер екенін жеткізді. Осы тұста, ол платформада білім мен тарихты зерделеуге байланысты пайдалы тақырыптар өте аз үлесті құрайтынын атап өтті.

Шиповскихтың айтуынша, балалардың психикасына, денсаулығына кері әсерін тигізетін контенттер, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен деректердің құпиялығына қауіп төндіретін материалдар кеңінен таралуда. Бұл мәселе бойынша сенатор Франция, Канада және Қырғызстан сияқты елдердің TikTok-ты пайдалануды шектеу шараларын қолға алғанын еске салды.

Ұсыныстар

Геннадий Шиповских балаларды қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында келесі шараларды ұсынды:

1. TikTok платформасында экстремизм, радикализм, сепаратизм және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритм енгізу.

2. TikTok-тың YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы платформасын жасау ұсынылды. Бұл 13 жасқа дейінгі балаларды қауіпті контенттен қорғау үшін маңызды.

3. 13 жасқа толмаған балалардың ата-анасының телефонынан TikTok-қа кіргенде Face ID технологиясы арқылы шектеу механизмі енгізілуі керек.

Сенатор бұл шаралар жастар арасындағы қауіпті әдеттердің алдын алуға, сондай-ақ ел азаматтарының денсаулығы мен моральдық құндылықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадамдар екенін айтты.


Рекомендовать
Последние новости