The Washington Post: "Бишімбаев ісі Қазақстан халқының жүйкесін тоздырды"

Көркем Алдабергенова 26 апр. 2024 11:21 3256

АҚШ астанасындағы ең ірі басылым The Washington Post Бишімбаев ісі туралы ауқымды материал жариялады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Америкалық басылымдағы материал сот отырысында көрсетілген бейнебақылау камерасындағы видеолар туралы басталады.

"Айыпталушы әйелін шашынан сүйреп, артынша қолымен ұрып, аяғымен тепкілейді. Бірнеше сағаттан кейін ол бас миының жарақатынан қайтыс болады. Қазақстан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіруіне қатысты іс Орталық Азия елінің жүйкесін тоздырды. Мыңдаған адам тұрмыстық зорлық туралы заңды қатаңдату үшін петицияға қол қойып шықты", - делінген материалда.

Сонымен қатар, америкалық журналистер 11 сәуірде сенаторлар мақұлдап, артынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған тұрмыстық зорлық туралы заң жайлы сөз ете кеткен.

"Қазақстандықтар Бишімбаев ісін жіті бақылап отыр, себебі сот отырысын 19 миллион адам онлайн тамашалай алады және әлеуметтік желіде бұл іске қатысты түрлі пікірталас жүріп жатыр. Көпшілік мұны Тоқаевтың реформалар жүргізіп, шенеуніктерді жауапқа тарту туралы уәделерінің жаны барын білдіреді деп түсінген.

Бір кездері бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан үкіметінің жаңа, батыстық білім алған тұлғасы болып саналған 44 жастағы Бишімбаев 2018 жылы пара алғаны үшін түрмеге қамалып, 10 жыл бас бостандығынан айырылып, екі жылдан кейін бостандыққа шыққан".

Сонымен қатар, басылым материалында Бишімбаевтың адвокаттары жайлы да сөз қозғалған.

"Оның адвокаттары бастапқыда медициналық сараптаманы теріске шығаруға тырысты. Сондай-ақ адвокаттар ол өте қызғаншақ адам болғанын баса айтады. Алайда сот отырысында көрсетілген видеоларда Нүкенованың өзі қызғаныштан шабуыл жасағаны еш байқалмайды".  

Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Associated Press-ке берген сұхбатында Салтанатқа қатысты іс елде тұрмыстық зорлыққа қатысты көзқарасты өзгерткеніне сенімді екенін айтады.

Сондай-ақ The Washington Post материалында көршілес Ресейдегідей Қазақстанда да патриархалдық қоғам болып қала беретіні және тұрмыстық зорлық-зомбылық, жыныстық қудалау және жұмыспен қамту теңсіздігі сияқты мәселелердегі прогресс баяу екені айтылады.

"БҰҰ гендерлік теңдік агенттігінің қолдауымен 2018 жылы жүргізілген зерттеуге сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болады, дегенмен көптеген зорлық-зомбылық жағдайлары туралы хабарланбаған", - делінген материалда.

Еске салайық, 27 наурызда басталған атышулы сот отырысын күн сайын мыңдаған адам тікелей эфирден тамашалады. Бір айға жуық уақыттан соң, 24 сәуірде Астанада Бишімбаев ісіне қатысты сот тергеуі аяқталды. Келесі кезең – сот жарыссөзі.

Судья Айжан Құлбаева сот жарыссөздері өтетін күндерді белгіледі: алғашқысы 30 сәуірде, кейін 2, 3 және 4 мамырда өтеді.


Рекомендовать
Последние новости