Теория мен тәжірибенің бірлігі маңызды

Dalanews 25 мар. 2025 10:27 236

 

 

Болашақ жоғары оқу орны оқытушыларының кәсіби құзыреттілігі бүгінгі таңда өзекті және оқытушы тұлғасын қалыптастыруда теория мен тәжірибенің бірлігі маңызды мәселелердің бірі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен, кешенді амал тұрғысынан қарайды. Атап айтсақ, теориялық білім мен педагогикалық тәжірибенің бірлігін, болашақ мамандардың кісілік келбетінің қалыптасуын ғылыми-әдістемелік тұрғыда қамтамасыз етеді. Соның ішінде, ғылыми-педагогикалық  тәжірибенің өз деңгейінде ұйымдастырылып, күтілген нәтижеге қол жеткізілуін басты назарда ұстайды.

1-курс докторанттарының  педагогикалық тәжірибесі 10 аптаны қамтиды. Осы аралықта докторанттардың ЖОО оқытушысы және ғалым ретінде қалыптасуына, педагогикалық дағдылары мен пәндік құзыреттіліктерін дамытумен қатар олардың  инновациялық  білім мен тың ғылыми ізденістерге  ұмтылып, маман ретінде қалыптасу үрдісінің нәтижелі болуы үшін университеттің бірнеше кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы жұмыла атсалысуда. «Ынтымақтың түбі – игілік, тірлік түбі – бірлік» демекші, бұл – университет кафедраларының нәтижеге бағдарланған өзара педагогикалық  ынтымақтастығының бір ғана көрінісі.  

Аталмыш  тәжірибе барысында филология факультетінің «Әдебиеттану», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ филологиясы», «Лингвистика», «Шетел филологиясы (батыс тілдері)», «Аударма ісі (батыс тілдері)», «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Филология», «Лингвистика», «Инновациялық әдебиеттану» мамандықтарының докторанттары  БҰҰ 17-тұрақты даму мақсаттары аясында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Алматы қаласының №4, №94 мектеп-гимназиясы, «Алгорифм» физика-математикалық лицейі, «Greenwich» білім беру орталығы, Өрлеу кәсіби даму институты, М.О.  Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және орталық кітапханалар базаларында «XXI ғасыр дағдылары», «Үздіксіз білім алу – өмір бойы даму», «Сапалы білім беру: болашаққа инвестиция», «Жауапты тұтыну және өндіріс бағыты», «Сапалы білім алу үйренуден басталады»,  «Абай мұрасы – рухани құндылық», «Қаһар» романындағы тарихи және әдеби құндылық», «Қазақ паремиологиялық қорының қалыптасуы», «Үздік лингвист», «Аруларға жарасады еркелік» және т.с.с. өзекті   тақырыптарда түрлі форматта  ашық тәрбие сағаттары өткізілді. Бұл іс-шаралар  студенттер мен магистранттардың, қатысушы жұртшылықтың сұранысына сәйкес шығармашылық хакатон, зияткерлік байқау, тренинг, шеберлік сыныбы,  әдеби-сазды кеш, ақын-жазушылармен танымдық-шығармашылық кездесу кеші, т.б. интербелсенді  формада өтуімен ерекше ықыласпен қабылданып, берері мол болды. Педагогикалық практика жоспарына сәйкес аталмыш ашық тәрбие сағаттарымен қатар болашақ оқытушылар ашық дәрістер, семинар сабақтары  және апта сайын кураторлық сағаттар өткізу арқылы өздерінің теориялық білімін тәжірибеде тексеріп, шеберлігін шыңдады. Әрбір іс-шараны ғылыми жетекші, әдіскер-педагог, практика жетекшісі және психолог маманмен бірлескен талқылаулар нәтижелері педагогикалық тәжірибенің болашақ маманның кәсіби құзыреттілігін дамытуда берері мол екендігін дәлелдей түсті.

Докторанттарға шараларды жоспарлап өткізуде үздіксіз ғылыми-әдістемелік кеңестер беру, кәсіби және тұлғалық қасиеттерін дамытуды, студенттермен қарым-қатынас стильдерін меңгеруді әдістемелік жағынан қолдауда педагогика және білім беру менеджменті, жалпы және қолданбалы психология кафедраларының, докторанттардың ғылыми жетекшілерінің,     филология факультеті кафедраларындағы тәжірибе жетекшілерінің үздіксіз  әдістемелік сүйемелдеуінің ықпалы орасан зор болды.

Іс-шаралардың басым көпшілігі университеттен тыс мекемелердің базаларында өткендіктен, аталмыш педагогикалық тәжірибе кәсіптік бағдар жұмыстарының да рөлін атқарып, ұлттық университетіміздің жетістіктерімен жұртшылықты тағы бір таныстырды. Сол себептен тәрбие сағаттарына қатысушылар тарапынан белсенді қызығушылық пен шексіз ризашылық танытумен қатар мектеп, колледждер түлектерінің тарапынан оқуға түсу бойынша қызығушылық артса, мекеме басшылары өзара ынтымақтастықты күшейтуге  ниет білдірді.  Бұл адамгершілік және тәрбиелік құндылықтарды, білім мен ғылымдағы жаңа ізденістерді, қоғамдық мәнді мәселелерді қамти отырып, педагогикалық тәжірибені кәсіби шеберлікпен, ұтымды әрі бағдарлы біліктілікпен ұйымдастырған кәсіби мамандар мен докторанттардың талмас еңбегінің  зор нәтижесі деп есептейміз.

ҚазҰУ – қашан да мәртебелі оқытушылар мен ізденімпаз ғалымдарды тәрбиелейтін қара шаңырақ екені сөзсіз. Сондықтан сапалы білім мен нәтижелі ғылымның алтын ордасы – университетімізде өтіп жатқан педагогикалық тәжірибе нәтижелері докторанттар үшін ғана емес, өзара жұмыла еңбек етіп жатқан бірнеше кафедраның оқытушылары мен көрнекті ғалымдары, сонымен қатар барлық қатысушылар үшін үлкен жетістік, мол тәжірибе болды десек артық айтқандық емес. Алдағы уақытта да осы бағытта әлі де маңызды іс-шараларымыз жалғаса берері сөзсіз.   

Б.И. Иманбекова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ педагогика және

білім беру менеджменті кафедрасының доценті, п.ғ.к.

А.М. Кенжеқожаева,
филология факультетінің 1-курс докторанты

 


Рекомендовать
Последние новости