Темірлан Еңсебектің адвокаты істі қайта қарауды талап етіп, сотқа шағым түсірді

Қаракөз Амантай 25 апр. 2025 14:42 19994

Instagram-дағы сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің қорғаушысы Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, шағым e-Otinish порталы арқылы берілген. Оның сөзінше, сот жүйесінде техникалық ақаулар орын алып жатқанымен, шағым заңда белгіленген мерзімде жолданған. Қазір толық апелляциялық негіздеме әзірленіп жатыр.

"Біз қысқаша шағымды жіберіп үлгердік. Негізгі дәлелдер мен уәждерді кейінірек толықтырдық. Әзірге Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасының қарауына жолданды", – дейді қорғаушы.

Адвокаттың айтуынша, Наурызбай аудандық сотының үкімі заңды күшіне енген жоқ. Дегенмен, мінез-құлыққа қатысты алдын ала ескерту енгізілген. Егер Темірлан қазір белсенді пікір білдіре бастаса, бұл сот талабын бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін.

"Үкім әлі күшіне енбегенімен, сот оған кейбір шектеу сипатындағы міндеттемелерді сақтауға міндеттеді. Яғни, бұл жағдайда өте сақ болу қажет. Мұндай әрекеттер, шын мәнінде, оны үнсіз қалдыруға бағытталған", – деді Балғабаева.

Еске салайық, "Алауыздық қоздырды" деп айыпталған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасына кесілген еді.

Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы ұлттық араздықты қоздырды деп айыпталған Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс қаралған болатын.

"Темірлан Еңсебек Instagram парақшасының 34 мыңнан астам оқырманы бар парақшасының әкімшісі бола отырып, басқа ұлт өкілдерінің ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін көпшілік алдында қорлауға бағытталған, дөрекі, балағат сөздермен жазылған мәтіні бар музыкалық композициямен бірге пост жариялаған", - делінген үкімде.

Сотта мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының негізгі қағидаттарының бірі болып табылатын ұлтаралық келісім мен халық бірлігін бұзуға бағытталғанын айтты.

"Сотталушының кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде сот-психологиялық және филологиялық сараптама қорытындысымен, жауап алу хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді", - деді сотта.

Іс қарау барысында Темірлан Еңсебек өз кінәсін мойындамаған.

Сот отырысының қорытындысы бойынша, қылмыстық іс материалдарын зерттеп, тараптардың сот жарыссөздерінде айтқан ұстанымдарын ескере отырып, сот сотталушыны аталған әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот шешімі Қылмыстық Кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша жаза 2 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Сондай-ақ сот Темірлан Еңсебекке қоғамдық қызметпен айналысуға, оның ішінде журналист ретінде жұмыс істеуге тыйым салу туралы үкім шығарды.

"Сот шешім шығарған кезде, сотталушының бұрын сотталмағаны ескерілді, алайда ол өз құқыққа қайшы әрекеті үшін өкініш білдірмеген. Осылайша, сот сотталушыны белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазамен бас бостандығынан айырумен байланысты емес 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады", - делінген сот үкімінде.

Еске салайық, QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағылып отыр. Полиция қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздықты қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материалды жариялау болған.


Рекомендовать
Последние новости