“Таза Қазақстан” акциясы: Алматыда жол инфрақұрылымы ретке келтірілуде

Қаракөз Амантай 11 сент. 2024 12:47 2105

Алматыда қала күні қарсаңында "Тазалық апталығы" аясында жол инфрақұрылымын ретке келтірілу жұмыстары қыза түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Қазіргі уақытта қалада 1700 аялдама кешені жуылып, 390 бағдаршам нысаны боялып, жуылып жатыр, 6 км негізгі көшелерде 4 537 жол белгісі мен металл қоршаулардың тіректері жуылып, боялуда.

Қоғамдық көліктің санитарлық жағдайын қамтамасыз ету жұмысы күшейтілді. Қала жолдарында күнделікті жүретін 2,5 мың автобустың шанағы мен салонының тазалығы, сондай-ақ жүргізушілердің сыртқы келбеті бақылауға алынған.


Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандардың маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдеріне жол белгілері жаңартылып жатыр.

Айта кету керек, кеше қалада көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы қоқысты, көшедегі қоқыс жәшіктері мен арық жүйесін жинау бойынша ауқымды жұмыс басталды. Жалпы, "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында қалада 700-ден астам контейнерлік алаңдарды санитарлық тазалау, жуу және залалсыздандыру, 24 747 көше және аула қоқыс жәшіктерін тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Қала күні қарсаңында Алматыда Тазалық апталығы өтуде. 9-13 қыркүйек аралығында "Алматы – ортақ үйіміз" қалалық науқаны және республикалық "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында көшелер, аулалар, субұрқақтар, өзен жағалаулары, саябақтар, скверлер мен тау бөктерін жинау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі.


Рекомендовать
Последние новости