Тәуелсіздік жылдары Курчатов қаласы қалай дамыды?

Dalanews 14 дек. 2021 18:45 1269

Еліміз Тәуелсіздігін алған күннен бастап Курчатов қаласындағы өмір үлкен өзгерісті бастан кешкені анық. Тоқсаныншы жылдардағы қиынышылықтар әйгілі қаланы айналып өткен жоқ. Ең бастысы Курчатов қаласы Қазақстан картасында бейбіт атомды дамытатын қала ретінде таныла бастады.  

Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін Курчатов қаласында жұмыс істеген әскерилер кете бастады. О баста қалада тұратын халықтың саны 55 мың адамды құраған еді. Ал тоқырау жылдары қала халқының саны алты мыңға дейін құлдырады. Көптеген тұрғын үйлер қаңырап бос қалғаны жасырын емес.

Бірақ Тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның даму қарқыны қалай тез болса, Курчатов қаласының оңалуы да сондай тез болды. Қала халқының саны біртіндеп өсті. Қазір Курчатовта 13 мыңнан астам халық тұрады.

Тәуелсіздік жылдары Курчатовта қалаға тән инфрақұрылымдар толықтай іске қосылып, екінші тынысы ашылғаны белгілі. Қала еліміздегі моноқалалардың қатарына қосылып, өсіп-өркендеу жолына түсті.

Ұлттық ядролық орталық пен сынақ алаңы қаланың дамуына айтарлықтай серпін бергені белгілі. Бұдан басқа шағын және орта бизнес қанат жайып, жаңа жұмыс орындары ашылуына септескенін айтуға тиіспіз.

2013 жылы қалада «Үлбі металлургия зауытының» филиалы мен «Балапан көлігі» депосы ашылып, қала тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтыды.

Осы ретте білім беру саласында ауыз толтырып айтатындағы жұмыстар атқарылды. Бірінші кезекте №1 қалалық орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, қазақ тілінде сабақ беру ісі жолға қойылды. Ал 2017 жылы №4 орта мектеп күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалада «Күншуақ», «Ақ Бөпе», «Тополек» деп аталатын балабақшалар пайда болды.

«Достық үйі» мен Мәдениет үйі де жаңғырып, қала тұрғындарының игілігі үшін жұмыс істей бастады. Бұдан басқа қаңырап тұрған 15 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жүзден астам отбасы қоныс тойын тойлағанын айта кетуіміз керек. «Нұрлы көш» бағдарламасымен қалаға көшіп келушілердің қатары арта түсті.

Рекомендовать
Последние новости