Тасқын кезінде елге көмектескен иттің өліміне байланысты тексеріс жүргізіліп жатыр

Қаракөз Амантай 03 дек. 2024 19:37 1060

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов су тасқыны кезінде халыққа көмек көрсеткен “Пішөн” есімді иттің өліміне байланысты арнайы тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әкім бұл жағдай туралы БАҚ беттерінен хабардар болғанын атап өтті.

“Бұл жағдай Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында орын алған. Су тасқыны кезінде халыққа көмектескен “Пішөн” есімді ит әлеуметтік желілерде танымал болды. Алайда 28 қараша күні ауыл тұрғыны бұралқы иттердің үйіне кіруіне кедергі жасап жатқаны туралы шағым түсірген. Осыған байланысты мамандар иттерді уақытша ұйықтатуға арналған дәріні пайдаланған. Кейінірек Жайық өзенінің жағасынан “Пішөн” атты иттің өлексесі табылды”, — деді ол.

Әкімнің айтуынша, бұралқы иттерді аулау заңға сәйкес жүргізіледі. Агрессивті иттер иесіз болған жағдайда өлтіріледі, ал басқалары зарарсыздандырылып, қайтадан иесіне қайтады дейді. Ал соңғы оқиғаға байланысты дереу тексеру жұмысы ұйымдастырылған.

“Аталған оқиға бойынша арнайы тексеру жүріп жатыр. Қорытындысы шыққан соң, қосымша ақпарат беріледі”, — деп қосты облыс әкімі.

Айта кетейік, бұған дейін әлемжеліде көктемгі су тасқыны кезінде атыраулық тұрғындарға көмектескен “Пішөн” есімді иттің атып өлтірілгені туралы ақпарат тараған еді.


Рекомендовать
Последние новости