ТарМУ оқытушылары топ жарды

Dalanews 16 мар. 2017 05:22 1041

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына арналған республикалық үздік ғылыми жарияланымдар, монографиялар, кітаптар байқауының қорытындысы белгілі болды. Еліміздің жоғары оқу орындары Ассоциациясы ұйымдастырған байқауда М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың 4 бірдей профессор-оқытушысының жұмысы үздік шықты.

Байқау комиссиясы бір ай бойы «Үздік монографиялар», «Үздік кітаптар», «Үздік ғылыми мақалалар» аталымдары бойынша жұмыстарды саралап шықты. Нәтижесінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары 4 аталым бойынша үздік атанды. Атап айтар болсақ, Қазақстан экономикасының дамуы мәселелерін көтерген монографиялар арасынан профессор Әнуарбек Әйменнің «Мемлекетті басқаруды жетілдіру» және «Шаруа қожалықтарының бәсекеге қабілеттілігі» монографиялары үздік деп танылды.

Ал, қазіргі Қазақстан тарихы бойынша жазылған монографиялар арасынан «Жамбыл облысының тәуелсіздік кезеңіндегі тарихы»  тақырыбында жазылған тарих ғылымдарының кандидаты Сейдахан Бақторазовтың жұмысы бірінші жүлдеге ие болды. Сәйкесінше, техника және технология салалары бойынша әзірленген оқулықтар арасынан профессор Кенжебек Бадановтың «Маталарды өңдеу» оқу құралы үздік деп танылды.  Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасуы мәселелері бойынша үздік ғылыми жарияланым аталымында құқық магистрі Серік Көшербаевтың жұмысы да үздіктер қатарынан көрінді.

Осылайша, М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті аталған байқауда  үздік жұмыстары саны жөнінен көш бастады.

 

Жамбыл облыс әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости