Тараздағы мектеп электршіге 1,2 млн теңге төлеуге міндеттелді

Қаракөз Амантай 23 июл. 2025 10:08

Жамбыл облысында сот Тараз қаласындағы мектептердің бірін электршіге 1,2 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Жоғарғы соттың Telegram-арнасы мәлімдеді.

Оқиға мектеп директорының орынбасарының тапсырмасымен болған. Электрші ғимараттың қасбетінде орналасқан прожекторлардың істен шыққан шамдарын ауыстырып жатқан. Алайда солардың бірі – дұрыс бекітілмеген прожектор – үзіліп кетіп, салдарынан электрші шамамен 3 метр биіктіктен құлап, омыртқасы мен қабырғалары сынып, ауыр жарақат алды.

"Жарақаттары өндірістік сипатта деп танылды. Сотқа шағым түскен сәтте жәбірленуші әлі де ем қабылдап жатқан, әрі оның ем-домға кеткен шығындары айтарлықтай болған. Осыған байланысты ол соттан материалдық және моральдық шығынды өтеуді талап етіп, жұмыс берушіні жауапқа тартуды сұрады. Ал жауапкердің өкілі бұған дейін көрсетілген қаржылай көмекті және жалақыны жұмысқа шықпағанына қарамастан төлеп отырғанын алға тартып, талапты мойындамаған", – делінген хабарламада.

Алайда арнайы комиссия оқиғаны зерттей келе, жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі бар екенін анықтаған. Жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы басты себеп болған. Осыған байланысты сот жәбірленушінің пайдасына шешім шығарып, мектепті оған материалдық және моральдық шығынды, сондай-ақ заңгерлік көмекке кеткен шығындарды өтеуге міндеттеді.


Рекомендовать
Последние новости