Талдықорғанда Нұрғиса Тілендиевті еске алу шарасы өтті

Ақтоты Жапатова 01 апр. 2025 16:54 686

Бүгін Талдықорғанда қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті. Н. Тілендиев атындағы музыка мектебінің алдында өнер саңлағының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, оның музыкалық шығармалары орындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Облыс басшылығының атынан еске алуға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов көпшілікті мерейтоймен құттықтап, ЮНЕСКО 2025 жылды Нұрғиса Тілендиев жылы деп жариялағанын, сондықтан бұл мерейтойдың дүниежүзілік мәнге ие болғанын атап өтті.

- Бүгін Талдықорғанда Н.Тілендиев атындағы балалар музыка мектебінің ауласында, ескерткіш алдында мәдениет майталманының рухына бас иіп, ғасырлық тойын бастауымыздың өзінде үлкен мән жатыр. Осы мектептің жас өрендері ұрпақтар сабақтастығын үзбей, Нұрғиса аталарының жолын жаңа заманға сай лайықты жалғайды деп сенеміз. Облыс орталығынан басталған мерейтойлық осындай тағылымды іс-шаралар өңірдің барлық аудан-қалаларында жыл бойы жалғасады, - деді Д. Есдәулетов.

Ескерткіштің маңында Талдықорған балалар көркем сурет мектебі оқушыларының сурет салу пленэрі ұйымдастырылып, жас суретшілер дәулескер күйші-композитордың бейнесін қағаз бетіне түсірді. Сонымен қатар Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының «Жетісу виртуозы» ансамблі шағын концерт қойып, Н.Тілендиевтің шығармаларын орындады.

Еске алу шарасына қатысқан оқушылардың бірі Сымбат Жұмабайқызы музыка мектебінің домбыра класында оқиды.

- Биыл Нұрғиса атамыздың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай еске алу шарасына арнайы қатысып отырмыз. Қазір осы музыка мектебінің 4 сыныбында оқимын. Домбыраны кішкентайымнан жақсы көрдім, арнайы мектепке дейін де аздап домыбра тартатын едім. Енді кәсіби түрде меңгеріп жатырмын. Мен Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Әлқисса», «Көш керуені» сияқты күйлерін тарта аламын. Оның күйлерінде нәзіктік те, арындылық та бар және астарында үлкен мағына тұнып жатыр. Біз күйді сезініп тарту үшін күйдің мән-мазмұнын түсінуді де үйрендік,- дейді С.Жұмабайқызы.

Еске салсақ, бүгін Б.Римова атындағы драма театрында Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның Мұқан Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі жүз жылдық мерейтойға орай  «Өз елім» атты концерт өткізеді.


Рекомендовать
Последние новости