Су басқан облыстарға Оңтүстіктен көмек кетті

Dalanews 03 мая 2017 03:14 802

Шымкенттен көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы тұрғындарға гуманитарлық жүк тиелген көліктер жіберілді.

Осы жылдың сәуір айында Қазақстанның 7 өңірінде, яғни, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 52 елді-мекен көктемгі су тасқынынан зардап шеккен болатын. Соның салдарынан екі мыңға жуық үй су астында қалып, 120 тас жолды су шайып кеткен.

Осыған орай, еліміздегі барлық өңірлерде көмек көрсету орындары ашылып, бұқара жұрт жұмыла бірігіп, демеу болуда. ОҚО жастары осы маңызды миссияны қолға алып, облыс тұрғындарына үндеу жариялады. Осының негізінде арнайы штаб ашылып, аз уақыт ішінде қол ұшын берген азаматтардан қажетті заттар мен  қаражаттар  қабылданды. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің  жанынан құрылған «Бізбен бірге» еріктілер мектебінен құрылған арнайы штабқа 200-ге жуық азаматтардан заттай және қаржылай гуманитарлық көмек қабылданды.

Бүгін жаны жомарт жандардан құны 15 млн. теңге болатын азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар мен көрпе төсек және 200 кілем тиелген жүк көлігі жолға шықты. Сондай-ақ, игі іске М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттері де өз үлестерін қосты.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости