Смайыловта мінез жоқ - депутат Бапи

Dalanews 18 янв. 2024 09:40 1970

Соңғы кездердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақсыздығына, инфляцияның өсе түсуіне, азық-түлік бағасының күн санап құбылуына байланысты Үкіметтің доғарысын талап етіп жатқандар көп-ақ. Тіпті, әне кетеді, міне кетеді деп болжам жасаған сарапшылар да жоқ емес. Парламенттің кезекті жалпы отырысынан осыны күтетіндерін де жасырмайды. 

Осы орайда, Dalanews.kz тілшісі Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапиға хабарласып, жоғарыдағы болжамның ақ-қарасын сұрап көрген. Ол да Әлихан Смайыловтың доғарысы (отставка) туралы сөз билік дәліздерінде біраздан бері айтылып жүргенін алға тартты. Бұл турасында Парламент депутаттары арасында да әртүрлі алыпқашпа әңгімелер бар көрінеді.

"Анығында, премьер Смайыловтың доғарысы туралы мұндай сөздің қаулап кетуінің өзі бүгінгі Министрлер Кабинетінің жұмысына қоғамның ғана емес, саяси элитадағы көңілтолмаушылықтың салдары екенін мойындау керек. Парламенттің былтырғы күзгі сессиясы ашылған кезде, ҚР Үкіметіне сенім білдіру мәселесі қаралған кезде, мен қарсы дауыс берген едім", - деді Е.Бапи.


Депутат бұл қарсылығының басты себебін "бүгінгі Үкімет өртсөндірушілік қызметтен аса аламады" деп түсіндірді. Дұрысында, экономикадағы дағдарысты жағдайды ауыздықтау, күн өткен сайын асқынып бара жатқан қымбатшылыққа қарсы үкіметтік бағдарлама жасай алмады. Жылу-энергетика саласында реформалық өзгерістер жасамақ түгілі, Ескі Қазақстанның олигархтары иеленген стратегиялық нысандардың апатты жағдайына араша түсе алмауда.

"Премьердің өзінде де, оның Кабинетінің мүшелерінде де кәсіби адуынды мінез жоқ. Олардың әртүрлі жиындарда, Үкімет отырыстарында томпиып отырған түріне қарап, санаға елдегі экономикалық жағдай түзеледі деген сенім ұялату мүмкін емес", - халық қалаулысы.


Алайда, ол Әлихан Смайыловты доғарысқа кетіруге депутаттардың барлығы ашық құлшынып отыр деп айта алмайды. Қалыптасқан заң талаптары бойынша, ел президентінің тағайындауына премьер-министрді сайлауда жеңіп шыққан партия ұсынады. Ал бізде соңғы сайлаудың жеңімпазы «Аманат» партиясы екені мәлім.

"Сондықтан партиялық-корпоротивтік тәртіпке мойынсұнуы тиіс «аманаттық» депутаттардың дені өз ой-тұжырымын ашық айта алмайды. Бірақ Парламенттің ауасында Смайыловтың үкіметі отставкаға кетеді деген сағым кезіп жүргені рас.

Егер тағы да бүгінгі үкіметке сенім білдіру жөнінде парламенттік плибесцит өтетін болса, депутаттар корпусының басым бөлігі Кабминнің доғарысына дауыс береді деп ойлаймын", - деді Ермұрат Бапи.


Расында, қалай болғанда да, қолданыстағы заңнамалар бойынша, бұл орайдағы соңғы сөзін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қана айта алады.

Рекомендовать
Последние новости