Сынып жетекшілікпен айналысатын мұғалімдерге жеке штат беруіміз қажет - Асхат Аймағамбетов

Қаракөз Амантай 24 сент. 2024 17:13 2191

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов сынып жетекшілеріне жеке штат ашу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы ол Qaz365.kz сайтына берген сұхбатында бөлісті. 

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім саласының мамандарымен кездесуде сынып жетекшілеріне қатысты жақсы жаңалықты жариялаған болатын. Оның сөзінше, сынып жетекшілігі үшін төленетін үстемеақы үш есеге өседі, бұл туралы Мемлекет басшысы келісім берген. Қазіргі уақытта бұл үстемеақы 10 мың теңге болса, енді 30 мың теңгеге дейін көтерілмек.

Алайда Асхат Аймағамбетов мектептерде сынып жетекшілігін жеке штат ретінде қарастыру қажет деген пікірде.

"Мұғалімдердің мәртебесі туралы заң қабылданғанда біз үстемеақыны екі есе ұлғайттық. Сонымен бірге қосымша жоспар да болған еді. Сол жоспар бойынша сынып жетекшілерін жеке штат ретінде қарастырып, оларға жеке жалақы төлеуді көздегенбіз. Бұл жүйе кейбір шетелдік мектептер мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қолданылып келеді. Біз бұл идеяны қаржылай есептеп те көрдік", - деді депутат.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, ол министр болған кезде бұл жоспарды жүзеге асыру үшін 100 миллиардтан астам қаржы қажет екені есептелген. Қаржы министрлігі мен Үкіметке ұсыныстар да берілген.

"Бұл шешім өте маңызды. Қазіргі кезде сынып жетекшілігін мұғалімдердің негізгі жұмысынан бөліп, оны жеке штат ретінде қарастыруымыз қажет. Бірақ, менің қызметім кезінде бұл мәселені толық шешіп үлгермедік. Дегенмен, бюджет көлемінде ұсыныстар енгіздік. Сондықтан бұл бастаманы ары қарай жалғастырып, нәтижеге жеткізу керек", - деді экс-министр Аймағамбетов.


Рекомендовать
Последние новости