Шу ауданы әкімі Досаев студенттермен кездесті

Dalanews 16 апр. 2019 06:17 892

Шу ауданы әкімі Қайрат Досаев аудандағы бетке ұстар арнаулы орта оқу орны саналатын №10 колледждің студенттерімен жүздесті. «Жастар жылы» аясында өткен бұл келелі кездесуді «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғ.Әбітаева ұйымдастырғандығын ерекше атап өткіміз келеді.

Кездесу барысында Ғалия Әділқызы  мәні зор шараның мақсаты бірінші кезекте жастарды патриот болуға баулу екендігін атап өтіп, шараны бейресми, яғни еркін форматтағы пікір алмасу алаңы ретінде жалғау үшін сөзді аудан басшысына берді. Қайрат Әскербекұлы өз сөзін қазіргі кезде жастарға мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалып жатқандығын айтудан бастады.

– Әр ел келешегін жастармен байланыстырып, оларды «болашақтың тұтқасы» деп есептейді. Сондықтан жастардың молшылықта, еш алаңсыз өмір сүруі үшін бар жағдай жасалады. Біздің мемлекетте де дәл солай. Бұл ретте 30-ға жуық жыл бойы елімізде өскелең ұрпақ игілігі үшін атқарылған жұмыстар көл-көсір екенін айтпаса да түсінікті. Бүгінде жас қазақстандықтардың әлемнің кез келген еліндегі қатарласымен терезесі тең. Жастар тарапынан тек білім алудан жалықпау ғана талап етіледі, – деген аудан басшысы жастарды бір ғана жетістікпен тоқталмай, білімді шыңдай беруге шақырды.

Қазіргі уақыт жаңа технологияның қарыштап дамыған кезеңі болғандықтан, жастардан тың идея күтіледі. Осыған орай, бүгінгі күні аудандағы білім беру мекемелерінде ІТ сыныптары ашылып, оқушыларға роботтармен жұмыс жасау үйретілуде. Бұл жаңашылдықтан колледж студенттері де сырт қалмас үшін Қайрат Әскербекұлы қызығушылық танытқан студеттерге мектептердегі робототехника сыныптарының есігі әркез айқара ашық екендігін жеткізді.

Аудан әкімімен кездескен жастар өз кезегінде түрлі сауалдарын қойды. Сұрақтар көбіне инновациялық жобалар мен идеялар, жастардың кәсіппен айналысуына жағдай туғызу және тағы да басқа бағыттарда болды. Мәселен, аталмыш колледждің студенттері Б.Боранбай мен И.Әділханов «Серпін-2050» бағдарламасына қатысуға қызығушылық танытатындарын жеткізсе, Ә.Қожан болашақта жеке кәсіппен айналысып, ауданның ауылшаруашылығы саласының дамуына өз үлесін қосатындығын айтты. Келелі өткен кездесу соңында колледж директоры Т.Мұсаева аудан басшысына колледж ұжымы мен студенттер атынан алғыс білдірді.

Рекомендовать
Последние новости