ШҚО-да студенттер Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесті

Dalanews 10 дек. 2021 09:50 1071

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өтті. Өскемен педагогикалық колледжінің түлектері кезінде алаңға қандай мақсатпен шыққысы келгендерін және бұл оқиғалар олардың болашақ өміріне қалай әсер еткендерін айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Amanzholov University-де саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін Өскемен педагогикалық колледжінің түлектері жиналды. 35 жыл бұрын осы оқу орнының он алты жасар 28 студенті Мәскеудің Қазақстанның бірінші басшысы болып Геннадий Колбинді тағайындау туралы шешіміне қарсы шыққан мыңдаған жастарға үн қосты.

Желтоқсан оқиғасына қатысушы Айнаш Шыңғалиева таяуда ғана саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы құжат алып, жиналғандарға сол кездегі биліктен қалай қысым көргенін айтып берді.

– Ол кезде бізде 28 адам болды. Алматыда болып жатқан оқиғаларды біле тұра біз де осы наразылықты қолдағымыз келді, – деп еске алады Айнаш Шыңғалиева. – Біз наразылыққа бармас үшін не істелмеді?! Мәжіліс залында, жатақханада қамалдық. Бізге бақылау қатты болды. Біз небәрі он алты жаста едік қой. Әскери қысым тәуелсіздік алғанға дейін болды. Бес жыл бойы өміріміз үшін қауіп төнгені рас. Міне, 35 жылдан кейін мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы құжат алдым.

Кездесу барысында қонақтар өздерінің курстас құрбылары Сәбира Мұхамеджанованы еске алды. Қысымға төтеп бере алмай Сәбира Тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақ.

– Мен бұл суық кезеңді мәңгі есте сақтаймын. Қазіргі жастарға қарап, мен өзімнің студенттік кезімді есіме алып, көзіме жас келді. Біздің қатарластар кезінде өз пікірін білдіргісі келгеніне еш өкінбейді. Біздің курстасымыз саяси қуғын-сүргіннің алғашқы құрбандарының бірі. Ол әділеттілік жолында құрбан болды. Құқық қорғау органдары қызметкерлері оның ата-анасынан жауап алып, оларға үлкен қысым көрсетті. Осының бәрін есте алу өте қиын. Біз еліміздің тәуелсіздігін қалай алғанын әрдайым есте ұстауымыз керек, – дейді ақталған Желтоқсан оқиғасына қатысушы, бүгінде №1 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Раушан Дарыбаева.

Сондай-ақ, кездесуге келген қонақтар оқу бітіргеннен кейін Желтоқсан айындағы жаппай наразылықтың басқа да қатысушылары ұзақ уақыт жұмысқа орналаса алмағандарын атап өтті. Сондықтан олар бүгінгі жастардан Тәуелсіздіктің қалай қанды жолмен келгендігін мәңгі есте сақтауды сұрады.

Рекомендовать
Последние новости