ШҚО әкімі: «Қытай стандарттары бойынша сертификаттау – Қытай нарығына жол ашады»

Dalanews 01 февр. 2018 05:44 848

Биыл Шығыс Қазақстанда көпбейінді ауыл шаруашылығы зертханасы ашылады. Онда халықаралық стандарттар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптаудың бүкіл жиынтығы жүзеге асырылады. Аймақ басшысының айтуынша, «Қытайлық стандарттар бойынша сертификаттау – аспан асты елінің нарығына апаратын төте жол». Айта кету керек, бұл еліміздегі осы деңгейдегі жалғыз бірегей зертхана болады.

Зертхананың әлеуетін тиімді пайдалану үшін екі жақтың да мүдделерін ескере отырып, біздің өңірде барлық қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар екенін айта кету керек. Облыс әкімінің айтуынша, Өскеменде ашылатын зертхананы «Қытайға шығатын экспорттық қақпа» деп сеніммен айтуға болады.

– Қытай стандарттарына сәйкес сертификаттау – Қытай нарығына есік ашатын кілт. Өйткені, іргемізде 26 миллионнан астам халқы бар, табысы айтарлықтай жоғары ШҰАР провинциясы орналасқан. Қытайда индустриалды революцияға байланысты халықтың тұтынушылық талғамы өзгеруде. Сол себепті аталмыш провинцияның тұрғындары біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміздің тұтынушысы болады. Сондықтан бұл бірінші кезекте өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуда басым бағыт болуы керек.

Бірегей зертхананы құру үшін облыс әкімдігі жеке тұрған ғимаратты белгіледі. Бүгінгі күні ғимаратты қайта жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама мен Жол картасы әзірленді. Сонымен қатар Қытайдың инспекция және карантин ғылыми-зерттеу институтының делегациясы Шығыс Қазақстанға келіп, зертханаға арналған ғимаратты тексерген, облыстың  экспорттық әлеуетін зерделеп, Өскемендегі зертханалар желісінің бар-жоғын анықтаған.

2019 жылы қытай стандарттары бойынша зертхананың қызмет сапасын аккредитациядан өткізу жоспарлануда, соның арқасында мал және өсімдік шаруашылығының өнімдерін Қытайға кедергісіз экспорттауға мүмкіндік туады.

Қытай Халық Республикасының стандарттарына сәйкес аккредитация жүргізу екі елдің стандарттары бойынша айырмашылықтарға байланысты туындайтын кедергілерді жояды, яғни зертханада сыналатын барлық өнімдер қосымша зерттеу жүргізуді қажет етпестен экспортқа жөнелтіледі.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

https://dalanews.kz/30625

Рекомендовать
Последние новости