Шомылу маусымында қауіпсіздікті сақтаңыз!

Dalanews 19 июн. 2018 08:40 1094

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі су айдындарында жалпы саны 400-дан астам рейдтік шара жүргізді.

Облыстың суға бату оқиғалары жиі орын алатын халық тығыз орналасқан Сарыағаш, Отырар аудандарында уақытша құтқару бекеті ашылды. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Талғат Досалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, судағы жазатайым оқиғалар болуы мүмкін қауіпті аймақтарды анықтау бойынша жұмыстар толық атқарылған. Барлығы 722 983 адам халқы бар 158 қауіпті аймақ анықталып отыр.

– Жазатайым оқиғаларды алдын алу үшін қауіпті су айдындарында суға шомылуға тыйым салынғандығын ескертетін 200-ден астам тақтайша орнатылды. Сонымен бірге, үгіт-насихат жұмыстары күшейтілген түрде жүргізілуде. «Қауіпсіз жаз», «Жаз. Қауіпсіздік-2018» акциялары, рейдтер ұйымдастырылып, «Жас Отан» жастар қанатының және «Бізбен бірге» көшбасшылар мектебінің 500-ден аса еріктілер үгіт-насихат жұмыстарына тартылды. «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша жадынама таратылып, 167 билборд орнатылған, – деді Талғат Серікұлы.

Сондай-ақ, жазғы сауықтыру лагерьлердің жұмысы басталысымен облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп, «Ақсу», «Машат-Арасан» және «Технолог» лагерьлерінде арнайы дәрістер өткізіліп, оларға 680 бала және 65 қызметкер қамтылды. Сабақ барысында «Судағы қауіпсіздік», «Алғашқы медициналық көмек көрсету», «Тұрмыстағы қауіпсіздік» тақырыптары қамтылды. Сабақтар жазғы демалыстың соңына дейін жоспарланған.

Рекомендовать
Последние новости