Шөкеев түркістандықтарды онлайн қабылдады

Dalanews 23 апр. 2021 11:07 1046

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев карантин шараларын ескере отырып, облыс тұрғындарын жекелеген сұрақтары бойынша онлайн қабылдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімнің жеке қабылдауына өз мәселесімен 10-нан астам азамат қатысты. Облыс басшысының қабылдауына жазылған облыс тұрғындарының басым бөлігі жеке мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді. Айта кетейік, облыс әкімі карантин басталғаннан бері азаматтарды онлайн қабылдауды тоқтатқан емес.

Қашықтықтан өткен қабылдауда облыс тұрғындары тұрғын үй, жер, әлеуметтік және инфроқұрылым, шағын кәсіпкерлікті қолдау мәселесін көтерді. Түркістандықтардың өтініштерін тыңдаған Өмірзақ Естайұлы көтерілген мәселелер қолданыстағы заң аясында қаралып, көмек көрсетілетінін түсіндірді.

Облыс әкімінің қабылдауына жазылған Түркістан қаласының тұрғыны анасының қатерлі ісік ауруына шалдығып, төсек тартуына байланысты жаялық және азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде өтінішін жеткізді. Аталған азаматшаға атаулы әлеуметтік толық төленген.

Кепілдендірілген әлеуметтік топтама, қайырымдылық қор  тарапынан азық-түлік себеттері берілген. Арнайы комиссиясының қорытындысы негізінде оңалтудың жеке бағдарламасы бекітілмегеніне байланысты, міндетті гигиеналық құралмен қамтамасыз ету қаралмаған. Облыс басшысы азаматшаның өтінішін орындауды Түркістан қаласының әкіміне жүктеді.

Отырар ауданының тұрғыны ауыл шаруашылығы мақсатындағы 200 гектар жеріне шаруашылық нысандарын салуға көмек сұрады. Облыс әкімі өтініш иесіне ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айналым, қаржы бағыттары бойынша жеңілдетілген несиелер ұсынып, жол сілтеуді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығына тапсырды. Аймақ басшысы жайылымдық жерлерге қатысты мәселенің өзектілігін ескертті.

Кей өтініштердің заңды негізі болмағандықтан, облыс әкімі ондай азаматтарға демеушілердің көмегімен қолдау көрсетуді жүктеді. Облыс әкімінің қабылдауында болған Сарыағаш ауданының азаматшасы сот үкімімен баспанасыз қалғанын жеткізді. Өмірзақ Естайұлы бірнеше жылдан бері шешімін таппай келетін мәселесін айтқан қарияға демеушілер тарапынан қолдау көрсетуді аудан әкіміне тапсырды.

– Заң солай, тәртіп солай. Аудан әкімдері қараңыздар, жолдарын іздеңіздер. Мүмкін демеушілер арқылы көмек беру керек. Қабылдауға жазылған азаматтардың мәселесі барынша заң аясында шешілгені дұрыс. Бір адамның өтінішінің артында бүкіл отбасы мен оның жақындары тұрады. Мұны жақсы түсінуіміз керек, – деді Өмірзақ Естайұы.

Әкім қабылдауында болғандардың арасында ескі мектепті мәдениет үйіне айналдыру, ауыл ішіндегі жолда жасанды жол кедергілерін орнату, ауылды абаттандыру секілді өтініштерін жеткізді.

Өмірзақ Шөкеев түркістандықтардың ұсыныс-шағымдарын жеке бақылауына алып, жауапты тұлғаларға әр азаматтың мәселесін жіті талдап, заң аясында шешуді міндеттеді.

Рекомендовать
Последние новости