Айдын суы бар саябақтар Түркістанның климатын түпкілікті өзгертеді

Dalanews 23 апр. 2021 05:48 1579

Түркістан қаласында бүгінгі күні ең үлкен саналатын жасанды көлдің құрылысы аяқталды. Жалпы аумағы 40 гектарға жуық жерде орналасқан «Тұңғыш Президент саябағында» салынған су айдынының сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Тереңдігі 4 метр. Жақын күндері мұнда серуендеуге арналған қайықтар әкелінеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шаһардағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты тұлғаларға саябақтардың құрылысын ширатуды тапсырды. Бірқатар ескертулер айтып, жұмыс сапасы мен шарт мерзімдеріне қатысты нақты тапсырмалар берді.

Түркістан облысы құрылған күннен бастап шаһарды дамыту тұрғысындағы кешенді жобалардың қарқыны жоғары. Олардың бір бөлігі шаһарда микроклимат қалыптастырып, Түркістанның климатын түпкілікті өзгертуге бағытталған. Облыс орталығын көгалдандыру мен су арналарының артуы бойынша атқарылар жұмыстар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басты назарында.

Аймақ басшысының тапсырмасымен облыс сәулетшілері жаңа су арнасының жобасын аяқтады. Жоба аясында Түркістан қаласында ұзындығы 9 шақырымды құрайтын жаңа су арнасы салынады. «Кеңсай – Қосқорған» су қоймасынан келетін ағын су «Тұңғыш Президент саябағы» мен қала іргесіндегі аттракциондар паркіне дейін созылатын каналға келіп құяды.

Жақында Түркістан қаласында бірнеше жаңа саябақ ашылып, пайдалануға беріледі. Туристер мен тұрғындар саябақтардың аумағында демалып, көл жағалауында серуендей алады.

Солардың бірі – қала іргесіндегі 28 гектар жерде орналасқан «Дендросаябақ». Сыйымдылығы 200 мың текше метрден асатын жасанды көл 4,5 гектар аумаққа жайғасады. Су айдыны Бөген су қоймасынан келетін Арыс – Түркістан каналы арқылы қамтамасыз етіледі. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, жақында ашылған «Керуен сарай» туристік кешеніндегі жасанды көлдің көлемі бұдан 10 есе кіші, яғни, 20 мың текше метрді құрайды.

Сонымен қатар, Түркістанда олимпиадалық стандартқа сай ескек есу каналы салынуда. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда орналасқан. Су айдынының ұзындығы – 2,5 шақырым, ені 125 метр. Каналдың тереңдігі 4 метр.

Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында құрылысы жүріп жатқан спорттық кешендері бар ескек есу каналының Казақстанда баламасы жоқ. Халықаралық талаптарға сай олимпиадалық орталық өңірде қолайлы микроклимат қалыптастырып, сәулеттік көркін келтірумен қоса, туризм саласын дамытуға сеп болмақ. Спорт кешенінде қонақүйлер, веложолдар, бассейндер, эллинг, каноэге арналған жағалаулар, көпір және тағы басқа нысандар орналасады.



Рекомендовать
Последние новости