Шымкентте «ЭКСПО» әнінің тұсауы кесілді

Dalanews 01 июн. 2017 03:04 930

«ЭКСПО-2017»  халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына  10 күн қалды.  Осыған орай  Шымкентте 2017 адамдық хордың орындауымен «ЭКСПО» әнінің тұсауы кесілді. Әннің авторы – белгілі әнші Мақсат Айтжанов. Ашық аспан астында әуелете салынған ән оңтүстік жұртшылығының қиялын әуелетіп, көңілін тербетіп, ойын тереңдетіп, өрісін кеңейткендей кейіпте қалдырды. Облыстық мәдениет және өнер мекемелерінің   қызметкерлерінен құралған хордың орындауындағы ән алдағы уақытта ЭКСПО-2017 көрмесінде шырқалатын болады.

Айта кетейік, ЭКСПО – 2017 көрмесінде Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері өтеді. Облыстан 610 адамнан құралған 17 шығармашыл  ұжым қатысып, өнерлерін көпшілікке ұсынады. Оның ішінде жергілікті 22 қолөнер шеберлері де бар.

«Мәдени шара барысында «Қазыналы Оңтүстік» қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі, концерттік бағдарламалар, оңтүстікте түсірілген анимациялық фильмдер мен көркем фильмдер көрсетіледі.  Сондай-ақ Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма  және орыс драма, қуыршақ, әзіл-сықақ және сатира театрлары мен Оңтүстік - Цирктің қойылымдары Астана жұртшылығы мен көрме қонақтарының көзқуанышына айналады деп күтілуде.

Оңтүстіктің мәдени күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі  бекітілген кестеге сәйкес өткізілетін болады. Мерекелік концертте Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияның «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестрі, Тұмар фольклорлық ансанблі «Қазына»,«Тұмар» би ұжымдары өнер көрсетеді деп күтілуде.  Сонымен қатар облыстық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, хоры, жеке солистері, балет труппасы, «Биг-бенд» эстрадалық джаз ансанбльдері көпшілікке өз өнерлерін паш етпек.

Бұдан бөлек, ЭКСПО қалашығының амфитеатрында «Нұрын шашқан – Оңтүстік» атты Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің гала-концерті ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Астанадағы «Қазанат» ипподромында бой көтеретін этноауылда Оңтүстік Қазақстан облысынан талапқа сай  бірнеше киізүй тігілетін болады.



 

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости