Шығыста шайбалы хоккейден «Жұлдызша» облыстық турниры аяқталды

Dalanews 06 мар. 2018 05:20 1235

Өскеменде балалар мен жасөспірімдер арасындағы шайбалы хоккейден көп кезеңді «Жұлдызша» облыстық турниры өз мәресіне жетті. Бүгін аталмыш жарыстың жабылу салтанаты өтіп, ойын қорытындысы белгілі болды.

Өңіріміздің жас хоккейшілері бақ сынаған бәсекенің жабылу салтанында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова спортшыларға жылы лебізін білдірді.

– Құрметті қатысушылар, сіздерді осындай  дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан шайбалы хоккейден облыстық жарыста көргенімізге өте қуаныштымыз. Бұған дейінгі іріктеу сынынан сүрінбей өтіп, бес күн бойы жүлделерді сарапқа салдыңыздар. Сіздерді алдағы уақытта елішілік жарыстарда аймақ намысын абыроймен қорғайды деп сенемін, – деді Әсем Нүсіпова.

Шайбалы хоккейден «Жұлдызша» облыстық балалар-жасөспірімдер сайысының ақтық ойындары облыс орталығында наурыздың 1 мен 5 аралығында өтті. Жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтау үшін айдын иелерінен бөлек, Семей, Риддер қалаларының және Глубокое, Зырян аудандарының жас хоккейшілері жарыс жолына шықты. Айта кетейік, Зырян ауданында өткен іріктеу ойындарын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы барып тамашалады. Үздіктер кіші және ересек топтар арасында анықталды.  Кіші топ бойынша, яғни, 2006-2007 ж.т., спортшылар арасында жүлделі үшінші орын Асанов Русланның қол астында жаттығып жүрген Глубокое ауданының хоккейшілеріне бұйырды. Дәл осы жас ерекшелігі бойынша күміс медаль Зырян ауданы құрамасының қоржынына кетті. Ал, кіші топ арасындағы  шайбалы хоккейден облыстық «Жұлдызша» балалар-жасөспірімдер сайысының жеңімпазы атағына Өскемен қаласының командасы қол жеткізді. Ересек топ, яғни, 2004-2005ж.т., спортшылар арасында үздік үштікті жаттықтырушысы Алексей Колпаков бастап келген Зырян ауданының ұжымы түйіндеді. Жарыстың күміс жүлдесі Риддер қаласынан келген командағы бұйырса, Семей қаласының құрамасы аталмыш сайыста топ жарды. Ұйымдастырушылар үздік ойын өрнегін көрсеткен бірқатар ойыншыларды арнайы марапаттады. Кіші топ арасында Глубокое құрамасының ойыншысы Бекзат Мусин «Облыстық «Жұлдызша» балалар-жасөспірімдер турнирінің үздік шабуылшысы» деп танылды. Ал, жоғары топта семейлік Мансұр Нұрпейісов дәл осы марапатқа ие болды. Кіші топта жарыстың «Үздік қорғаушысы» деп өскемендік Дмитрий Бокарев танылса, ересек топ арасында Зырян ауданы командасының ойыншысы Дмитрий Уланов осы марапатқа ие болды. Глубокое ауданы құрамасының мүшесі Иван Агапкин «Үздік қақпашы» марапатына лайық деп танылды. Ал, «Жұлдызша» хоккей бәсекесінің «Үздік қорғаушы» атағын риддерлік Кирилл Каменев иеленді. Сондай-ақ,  «Хоккей сүйер клуб» АҚ-ы Ұлан ауданының командасына арнайы сыйлық табыс етті. Ал, ең үздік жаттықтырушы номинациясына Эрик Байболов лайық де табылды.



 

https://dalanews.kz/14586

Рекомендовать
Последние новости