Шетелдік жұмыс күшіне квота қысқарса, жұмыссыз қазақтың саны азаяды

Dalanews 04 февр. 2020 04:56 906

Елімізде шетелдік жұмысшылар тарту квотасы 40 пайызға қысқарды деп хабарлайды Dalanews.kz.


Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы биыл 29 мың адамнан аспауы тиіс. Былтыр бұл көрсеткіш 49 мың бірлікті құраған болатын.

“29 мың бірлік – шекті деңгей. Елдегі шетелдік жұмысшы саны осы межеден аспауы тиіс.

1 тамызға дейін компаниялар жергілікті атқарушы органына биылдыққа қанша шетелдік маманды жұмысқа тартатынын хабарлауы тиіс.


Жергілікті атқарушы органдар заңға сай шешім қабылдау, әлгі компаниялардың өтінішін біздің министрлікке жібереді, – дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі.

Аталған мәселе бұдан бұрын Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдың кеңестің отырысында айтылған.

Кеңес мүшесі, қоғам белсендісі Жәнібек Қожық жұмыссыздық мәселесін және оны азайтудың жолдары туралы мәселе көтерген еді.

"Мен ауылда тұрамын, ауыл халқының ең басты мәселесі - жұмыссыздық. Жастар жұмыс іздеп қалаға көшуде, соған қарағанда қаланың жағдайы, ауылға қарағанда шүкір болар деп ойлаймын", - деп жазады Жәнібек Қожық әлеуметтік желіде.

«Ең бастысы, шетелден келетін жұмысшыларға берілетін квотаның санын қысқарту, заңсыз келгендерін елден шығару, олардың орнына жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа қабылдауды сұраған болатынмын.

Шетелдік жұмыс күшіне квота қысқарса, елдегі жұмыссыздар саны да азаяды.


Ұлттық кеңестің 20 желтоқсандағы өткен екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден келетін жұмысшыларға берілетін квотаның санын қысқартып, оларға қойылатын талаптарды күшейтіп, бұл жағдайды қатаң бақылауға алатынын айтты», - дейді ол.

Жәнібек Қожықтың ойынша, сол қысқарған шетелдік жұмысшылардың орнына жұмыссыз жүрген мыңдаған жастар жұмысқа кіретін болады.


«Бұл теңізге тамған тамшыдай болса да елге тиген пайда ғой. Сондықтан да Ұлттық кеңеске кіргенім үшін, әзірге, өкінбеймін. Мүмкіндігің болып тұрғанда Ұлттық кеңесті елдің мүддесіне неге пайдаланбасқа, неге елдің аманатын билікке тура айтпасқа?! Әлде де талай айтар ұсыныстарым, маңызды мәселелерім бар»,-деп жазады қоғам белсендісі.

Рекомендовать
Последние новости