Шерзат ісі: үкім шыққаннан кейін сотталушылар мен туыстары айғай-шу шығарды

Сағыныш Сардарова 05 июн. 2025 17:46

Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот үкімі шыққан соң сотталушылар мен олардың туыстары наразылық танытты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкім оқылған бойда сотталушылар сот залындағы әйнекті ұрып, өз қарсылықтарын білдірді. Сот шешімімен олардың ата-аналары да келіспейді. Олар жанжалдың басталуына марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов кінәлі деп санап, оған қарсы арыз жазуға ниетті екенін мәлімдеді.

Сотталушы Дидар Қалиахметтің әкесі:

«Мен Дидар Қалиахметтің әкесімін. Бұл жерде ешқандай әділдік болған жоқ. Заң тұрғысынан қарағанда, мәселе дұрыс бағаланбады. Мен, әрине, зардап шеккендерді түсінемін, олардың баласы қайтыс болды. Бірақ менің ұлымның еш кінәсі жоқ. Негізінде төбелесті өздері – зардап шегушілердің жақтастары бастаған. Егер сол күні Қаржаубай Нұрымов есікті жауып, балаларды ішке кіргізбегенде, мұның бірі де болмас еді. Қазақстан да осылай дүрлікпес еді», – деді.

Ал марқұм Шерзаттың туыстары болса сот шешіміне қанағаттанып отыр. Бұл туралы олардың адвокаты хабарлады:

«Сот қалыпты, максималды жаза берді. Мемлекеттік айыптаушы сұраған мерзім толық берілді. Әрі қарай Қаржаубай Нұрымовтың ұстанымына қарай әрекет етеміз. Егер ол апелляциялық шағым түсіру қажет десе, біз соны қолдаймыз», – деді адвокат.


Рекомендовать
Последние новости