Сенатор Мақтаарал Жолдауды насихаттады

Dalanews 17 окт. 2018 10:02 781

Мақтаарал ауданына Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев арнайы келіп, аудан активімен кездесу өткізді.

Жиынға Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, аудандық мәслихат депуттары және БАҚ өкілдері қатысты.

Алғаш боп сөз алған Әлімжан Сейтжанұлы жаңадан құрылған Мақтаарал ауданының халқына құтты болсын айтып, Елбасының Жолдауындағы негізгі бағыттарға жеке-жеке тоқталып, кең көлемде баяндама жасады.

– Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы мерзімі мен мағынасы, салмағы жағынан да өзгеше болды. Бұл жолы Президентіміз Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты болатынын алға тартты. Бірінші кезекте Елбасы халық табысының өсуіне мән берді. Осы ретте Елбасымыз Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды, – деді Әлімжан Сейтжанұлы.

Сенат депутаты Жолдауда айтылған тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру, тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы мәселелерi бойынша нақты мысалдармен, жан-жақты талдай отырып түсініктеме берді.

Кездесуде сөз алған Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Қасымхан Хаметов жаңадан құрылған ауданға арнайы келген сенаторға алғысын білдіріп, биылғы Жолдауда айтылған басым бағыттарды орындау үшін атқарушы органдар сергек жұмыс жасау керектігін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың депутаты, академик Ибадулла Үмбетаев Жолдаудағы ауыл шаруашылығы мәселелеріне тоқталып, аталған салада 2 есе пайда табу үшін әлемнің үздік технологияларын жергілікті жерге бейімдеп енгізу керектігін жеткізді.

Аудандық мәслихаттың тағы бір депутаты Берік Шампиев ауыл шаруашылығы саласындағы мақтаға берілетін субсидияның көлемін ұлғайту бойынша ұсыныс берді. Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев күзде және көктемде берілетін жанар жағармайдың мерзімін өзгерту бойынша мәселе көтерді.

Ауданның ардагері Пердеш Есенбеков облыс орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына ауысқалы Мақтаарал ең шалғай аудан болғанын, жаңа ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа жөнелту үшін темір жол мен әуежай қажеттілігін алға тартты. Сондай-ақ, автожолдардың сапасын жақсарту керектігін де атап өтті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Б.Асанов жаңа Мақтааралда кезек күтіп тұрған мәселелер көптігін, аудан әкімдігі тарапынан жасалып жатқан жобаларды жүзеге асыру үшін келер жылдан бастап облыстық және республикалық бюджеттен қаржылардың толық берілуіне ықпал жасауды сұрады.

 

 

 

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости